Алматыдағы жаңбыр қарға ұласты: жауын-шашын қашан тоқтайды

12:30, 27 қараша 2026
MKZ: 1580070

© Фото: Zakon.kz

Алматыда 2026 жылғы 27 қарашаға қараған түні жауын-шашын басталды. Қала коммуналдық қызметтері тәулік бойы кезекшілікке көшіп, жолдарға арнайы техника мен жұмысшыларды жұмылдырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.

"Қазгидромет" мәліметінше, оңтүстік астанада жаңбыр түнгі сағат 01:30-да басталған. Ал таңғы сағат 05:00-ден бастап әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан аудандарда жаңбыр қарға ұласқан.

Күндіз негізінен жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Жауын-шашын кешкі сағат 19:00-ге дейін тоқтауы тиіс. Синоптиктердің болжамынша, жауын-шашын мөлшері 15-17 мм болады. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы +5…+7°C шамасында болады.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, көктайғақпен күресу үшін 200 бірлік жол техникасы дайындалған. Оның ішінде 185 құм шашатын және 15 JetBroom машинасы бар. Қаланың жоғарғы бөлігінде жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр.

Алматыда жаңбыр қарға ұласты: жауын-шашын қашан тоқтайды, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.11.2026 12:30

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Берілген ақпаратқа сәйкес, тәуліктік жұмысқа 3 250 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмылдырылған.

"Көше-жол желісін тазалау жұмыстары тәулік бойы бақылауда", – делінген басқарма хабарламасында.

Синоптиктердің болжамынша, 28 қарашаға қараған түні аздаған жауын-шашын болуы мүмкін. Ал 29 қарашада жауын-шашын күтілмейді.

"Қала тұрғындары мен қонақтарына жолдар мен тротуарларда сақ болуға кеңес беріледі. Жүргізушілер қауіпсіз жылдамдықты таңдап, көліктер арасындағы қашықтықты сақтауы қажет", – деп ескертті басқарма өкілдері.

Еске салайық, 2026 жылғы 26 қарашада Алматы әкімдігі мегаполистің қолайсыз ауа райына дайындалып жатқанын хабарлаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!