«28 ақпанға дейін тыйым салынады»: ІІМ қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады

12:22, 27 қараша 2026
MKZ: 1580067

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі (ІІМ) 2026 жылғы 26 қарашада ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ауа райының нашарлауына байланысты ведомство жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды.

"Құрметті азаматтар! "Қазгидромет" мәліметінше, 26 қарашадан бастап еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы қолайсыз болады. Жаңбыр мен қар жауып, жел күшейіп, көктайғақ болады деп күтілуде. Мұндай жағдайда көріну қашықтығы қысқарып, көліктің тежеу жолы ұзарады және оны басқару қиындайды. Мұның бәрі жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады. Жүргізушілерді барынша мұқият болуға шақырамыз! Жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтаңыздар. Кенеттен маневр жасаудан және тежелуден аулақ болыңыздар. Ауа райы болжамын ескере отырып, жол бағытын алдын ала жоспарлаңыздар. Ауа райы қолайсыз болған жағдайда қала сыртына шығудан бас тартыңыздар", – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Архат Төлегенов.

Ол 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 2027 жылғы 28 ақпанға дейін Қазақстанда қысқы дөңгелексіз көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатынын еске салды.

"Қысқы шиналар автомобильдің барлық дөңгелегіне орнатылуы керек", – деп атап өтті Архат Төлегенов.

Сондай-ақ ол жаяу жүргіншілерді де барынша сақ болуға шақырды.

"Тайғақ жолда жүргізуші көлікті бірден тоқтата алмайтынын есте сақтаңыздар. Жолға шығар алдында жүргізушінің сізді байқағанына және жол беріп тұрғанына көз жеткізіңіздер. Жолдан өтер кезде телефонға алаңдамаңыздар, құлаққапты шешіп, капюшонмен көру аймағын шектемеңіздер", – деп ескертті Архат Төлегенов.

Спикердің айтуынша, полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсету тапсырылған.

"Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар! Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!" – деп сөзін түйіндеді Архат Төлегенов.

Бұған дейін Қазақстан ІІМ қысқы жолға шығуды жоспарлап отырған жүргізушілерге шұғыл ескерту жасаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!