Алматыда жолаушы көп жиналған аялдамаларға бос автобустар жіберіледі

16:15, 22 қазан 2026
MKZ: 1573822

© Фото: Zakon.kz

Алматыда жолаушылар көп жиналатын аялдамаларға бос автобустар жіберу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 22 қазанда "Алматыэлектротранс" ЖШС мәлімдеді.

"Қарбалас уақытта кейбір бағыттарда жолаушылар саны артып, аялдамаға келген автобусқа міну қиынға соғады. Бұл ретте кестеде қарастырылған автобустардың барлығы желіде жоспарға сай жұмыс істеп жатыр. Жағдайды жақсарту үшін "Алматыэлектротранс" жолаушы көп жиналған аялдамаларға тікелей бос автобустар жіберіп отыр", – деп хабарлады ұйым.

Қосымша автобустарды жіберуді диспетчерлік қызмет бағыттардағы жағдай мен аялдамаларда күтіп тұрған жолаушылар санына қарай реттейді.

"Диспетчерлік қызмет бағыттардағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Қарбалас уақытта адам көп жиналған аялдамаларға жедел түрде қосымша автобустар жібереміз. Олар аялдамаға бос келеді. Соның арқасында жолаушылар келесі рейсті күтпей, автобусқа еркін міне алады", – деді "Алматыэлектротранс" ЖШС пайдалану бөлімінің басшысы Алмаз Төлегенов.

Қыркүйек басталғалы алматылықтар автобустардың лық толып, оларға міну мүмкін болмайтынына шағымдана бастаған еді. Көлік басқармасы мұны жолдардағы, әсіресе қарбалас уақыттағы кептеліспен түсіндірген. Соның салдарынан автобустар кешігіп, кестеден ауытқиды, қозғалыс аралығы ұзарып, аялдамаларда жолаушылар жиналып қалады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!