Алматыда РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы ауруханаға түсті

10:31, 14 қазан 2026
MKZ: 1572249

© Фото: Zakon.kz

Алматыдағы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) ондаған оқушысы түсті. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Оны қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кеше Threads желісінде amure_qaz02 есімді қолданушы ашу-ызасын білдіріп, жазба жариялаған.

"Алматы РФММ, масқара! Қайда қарап отырсыздар?! Менің жиендерім ауруханаға түсті! Тек менің туыстарым ғана емес, басқа ата-аналардың да балалары ауруханаға түскен! Уланған дейді! Кейбірінен ішек таяқшасы анықталған! Бүгін бүкіл мектепті үш күнге карантинге жапқанын айтты! Неге еш жерде ештеңе айтпайсыздар?! 50-ге жуық оқушы ауруханаға түсті!" – делінген 2026 жылғы 13 қазандағы жазбада.

Бүгін, 14 қазанда редакция ресми түсініктеме алу үшін Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне жүгінді. Ведомство мынадай мәлімет берді:

"2026 жылғы 12–14 қазан аралығында Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Тағы алты бала интернатта оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Барлық балаға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Оларды емдеуге барлық қажетті жағдай жасалған, пациенттер медицина мамандарының тұрақты бақылауында".

Басқарманың мәліметінше, қазір ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы тұрақты.

"Реанимациялық шараларды қажет ететін жағдайлар жоқ", – деп қосты Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Оқиғаға қатысты аурухана өкілдері де түсініктеме берді.

"Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір мамандар тексеру жүргізіп жатыр, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алынды. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында", – деп хабарлады Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты "Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы" ШЖҚ МКК.

2026 жылғы шілденің басында Ақмола облысының Біржан сал ауданындағы жеке білім беру-сауықтыру орталығында демалған алты адамның тамақтан улану белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Астана, Қарағанды және Көкшетаудан келген демалушылар құсып, дене қызуы көтерілген және іштері өткен. Полиция қылмыстық іс қозғаған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!