Алматыда құрылыс нысанына айыппұл салынды

11:03, 22 қараша 2024

© Фото: pexels

Алматы қаласында табиғатты қорғау полициясы Бостандық ауданы әкімдігінің қоршаған орта және экология бөлімімен бірлесіп, экологиялық талаптарды бұзған және абаттандыру ережелерін сақтамаған құрылыс нысанын анықтады.

Құрылыс алаңында қоқыс қалдықтарының шамадан тыс жиналуы және лас қоқысты рұқсатсыз тасымалдау фактілері тіркелген. Осыған байланысты учаске басшысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, болашақта осындай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қалдықтарды өңдеудегі экологиялық талаптардың бұзылуы туралы материал Алматы қаласының Экология департаментіне жолданды.

Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, "Таза Қазақстан" жалпыреспубликалық бағдарламасы мен "Алматы – ортақ үйіміз" қалалық кампаниясы аясында қаланы абаттандыру және экологиялық талаптарды сақтау шаралары күшейтілген.

"Жарқын күз" шарасы аясында 16 қыркүйектен бастап қалада абаттандыру ережелері мен санитарлық нормаларды бұзған 2 757 дерек тіркелсе, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 2 232 хаттама толтырылды. Ірі көлемдегі қалдықтарды, сынған жиһаздарды, тұрмыстық техника мен құрылыс қалдықтарын жинақтаған 569 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматының табиғатты қорғау полициясы барлық азаматтарды қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға және қалдықтарды шығару ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Себебі табиғаттың тазалығы мен денсаулығы әрбір адамның саналы әрекетіне байланысты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!