Алматыда бес адамның өмірін қиған өрт туралы жаңа мәліметтер белгілі болды
© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
2026 жылғы 26 қарашаға қараған түні Алматыда тұрғын үйден өрт шығып, бес адам қаза тапты. Арасында бала да бар. Өрттен аман қалған тұрғындар сол түні болған оқиғаны журналистерге айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, сол түні тұрғындар түтіннің өткір иісінен оянған. Шошып кеткен жұрт сыртқа шығар жол іздеп, әркім қолынан келгенше жан сақтаған. Кейбірі түтінге тұншығып қалмас үшін терезеден шығуға мәжбүр болған.
Тұрғындардың айтуынша, дәліз үлгісінде салынған үйде сегіз бөлме болған. Бөлмелер жалға берілген, әрқайсысында бір отбасы тұрған.
Тұрғындар өрттің нақты қай тұстан басталғанын байқай алмаған. Ортақ дәлізді қою түтін басып, есіктен сыртқа шығу мүмкін болмаған.
Бұл үйде күйеуімен және балаларымен бірге бірнеше жылдан бері тұратын Анара Тұрғанбаева сол түні терезеден түскен жарықтан оянғанын айтты. Өрт шыққанын түсінген бойда ол отбасын оятуға асыққан. Бәрі терезеден шығып үлгерген. Заттары мен құжаттарын іздеуге де мұршалары болмаған.
"Таңғы төртте терезеден өрттің шапағындай жарық көріп, оянып кеттім. Не болып жатқанын білейін деп терезеге жақындадым. Шатырдың біздің терезеге жақын тұсы жанып жатыр екен. Үйдегілерді оята бастадым. Сосын жүгіріп барып, кіреберіс есікті аштым. Дәлізді қалың түтін басыпты. Ол жақтан шыға алмайтынымызды түсіндім. Содан бәріміз үстімізде не бар, сол күйі терезеден шығуды ұйғардық. Тек ұялы телефонды алып шықтық", – деді Анара Тұрғанбаева.
Үй тұрғындары бір-бірін жақсы таныған. Басым көпшілігі отбасылы, мұнда бірнеше жылдан бері тұрып жатқан адамдар екен. Сол түні олар бір-біріне көмектескенімен, бәрі бірдей сыртқа шығып үлгермеген. Бес адам, оның ішінде бір бала оқиға орнында көз жұмған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қаза тапқан бала – тоғыз жастағы қыз. Ол анасымен және бауырымен бірге тұрған. Марқұмдардың арасында Өзбекстанның екі азаматы бар деген ақпарат та тексеріліп жатыр.
Полиция қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер өрттің шығуына қатысты барлық нұсқаны қарастырып жатыр. Соның бірі – үйді біреу әдейі өртеген болуы мүмкін деген болжам.
"Астана" телеарнасының мәліметінше, үй дәліз үлгісінде салынған, кейбір бөлмелерінде терезе болмаған. Өрттен аман шыққандардың бірі – Жұмабаевтар отбасы. Олардың айтуынша, қаза тапқандардың екеуі – ер адам, екеуі – әйел. Ал қыз бала төртінші сыныпта оқыған.
Ал осы үйде тұратын Мирлан Тұрғанбаев "Еуразия" бірінші арнасының тілшісіне мұнда жалға берілетін он бөлме болғанын айтқан. Оның сөзінше, әр бөлмеде екі-үш адамнан тұрған.
"Осында тұрып жатқаныма он жыл болды. Енді баспанасыз қалдық. Қалған заттарымызды алып кетуге келдік. Бұл бөлмеге ай сайын 100 мың теңге төлеп жүрдік", – деді ол.
Үйдің айналасы қоршауға алынып, көршілер мен маңайда жұмыс істейтін адамдарға да жақындауға рұқсат берілмеген. Өрт сөндірушілер мен тергеушілер өрттің неден шыққанын және адамдардың қандай жағдайда қаза тапқанын анықтайды. Көршілердің айтуынша, бұл аумақтағы үйлерді сүруге дайындық жүріп жатқан. Кейбір үйлер бос тұрған.
Өрт туралы хабар 26 қарашада сағат 03:44-те "112" қызметіне түскен. Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілген. Оқиға орнынан бес адамның, соның ішінде бір баланың денесі табылды. Алматы полициясы өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
10:04, 27 қараша 2026
Интернет-алаң иелері мемлекеттік кірістер органдарына мәліметті қалай ұсынады – ережелер өзгерді
-
09:52, 27 қараша 2026
Өскемен - тарихы терең, бүгіні берекелі, болашағы жарқын қала
-
09:37, 27 қараша 2026
Үш қыз қашып кеткен Тараздағы арнайы мектепте не болып жатыр
-
09:28, 27 қараша 2026
«Астана Опера» театрында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті
-
09:15, 27 қараша 2026
Қазақстанда шекара маңындағы бақылау күшейді – ІІМ жүздеген көліктің не себепті тексерілгенін түсіндірді





