Қазақстанда келесі жыл жаппай құрылыс жылы болады
© Сурет: akorda.kz
Қазақстанда 6,5 трлн теңгеге ауқымды құрылыс басталады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Металлургия комбинатының жетістіктері еліміздегі ауқымды өзгерістермен тығыз байланысты. Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты. Алайда қол жеткізген табысқа тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда атқаратын шаруа көп.
"Еліміздің саяси жүйесінің берік құрылымы қалыптасты. Бұл реформалар, ең алдымен, мемлекет іргесін нығайту мақсатында жасалып жатыр. Әлемдік саясат пен экономикада мүлдем жаңа, әлі кеңірек зерделеніп үлгермеген жағдаяттар пайда болған кезеңде мұның маңызы өте зор. Қазақстан пайдасымен қоса кемшілігі, тіпті тіршілікке қатер де төндіретін Жасанды интеллект үстемдік құратын жаңа әлемге ойдағыдай бейімделу үшін тыңғылықты дайындалуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміз тарихымызда бұрын-соңды болмаған қарқынды құрылысқа кірісіп, бүкіл азаматтық инфрақұрылым жаңғыратынын жеткізді.
"Келесі жылды "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" деп жарияладым. Осы орасан жұмысқа "Халықтық құрылыс" деген атау берілді. Жолдауда атап өткенімдей, аталған ғаламат жобаға шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл – орынды шешім. Өйткені "Халықтық құрылыс" аясында ел-жұртымыз барынша мұқтаж боп отырған жобалар іске асырылады. Ең маңыздысы, "Халықтық құрылыс" тұтас елді, барлық қала мен ауданды қамтиды. Шын мәнінде, біз баянды болашақтың сенімді іргетасын қалап жатырмыз. Өйткені жаңа әрі жөнделген жолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, электр станцияларын, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, ерекше балаларды оңалту орталықтарын, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйлерін, спорт нысандарын, бір сөзбен айтқанда, барлық азаматтық инфрақұрылымды бірнеше буын пайдаланып, игілігін көреді. Жалпы, "Халықтық құрылыстың" бүкіл мән-мағынасын "Құрылыс және тағы да құрылыс" деген бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Түптеп келгенде, бүгінгі және келешек ұрпаққа бағдарламалар мен тұжырымдарды емес (бірақ, бұл да өте маңызды), біз оларға материалдық құндылықтарды, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аманат етіп қалдыруымыз керек. Халқымыздың әлдеқайда жайлы өмір сүруге, қазіргі өркениетті заманның барлық игілігін көруге хақы бар. Әділетті Қазақстанды құру стратегиясының басты мақсаты да – осы", – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің этносаралық және дінаралық келісім саясатына және "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидатына бейіл екенін мәлімдеді.
"Халық мүддесі жолындағы реформаларды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы қажет. Қазақстанға жамандық тілеп, іс-әрекеті арқылы зиян келтіруге тырысатын кез келген адам "Заң және тәртіп" қағидатына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс әрі солай болады. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы қажет. Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу үшін көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ осыған мүдделі әлемдегі ірі немесе шағын елдердің барлығымен ынтымақтастықты нығайта береміз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet компаниясының мықты өндірістік базасы "Халықтық құрылыста" зор рөл атқаратынына сенім білдірді.
"Қазірдің өзінде Қазақстанның темірі құрылыста және өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Оны тұтыну көлемі арта беруге тиіс. Комбинат өнімі Саран қаласында жолаушылар автобусын шығаруға пайдаланылады. Жаңа құю-илемдеу кешені бой көтеріп жатыр. Мұнда келешекте болаттың мұнай, атом және машина жасау өнеркәсібінде сұранысқа ие өте сапалы түрлері шығарылады", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Qarmet компаниясының ұйымшыл ұжымы толайым табысқа табанды еңбектің арқасында жеткеніне тоқталды.
Ол Qarmet жұмысшыларының ерен еңбегі, кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы компанияны өрге жетелейтінін айрықша атап өтті.
"Осы жиынға былтыр ең жоғары ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған Сергей Петрович Чернобай қатысып отыр. Сіздердің араларыңызда Qarmet компаниясының бұрынғы даңқын қайта оралту үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Жемісті жұмыстарыңыз зор құрметке лайық. Мемлекеттің саясаты озат жұмысшылар мен мамандарды ынталандыруға бағытталған. Былтыр сіздердей еңбекқор жандарға ілтипат көрсеттік. Бірақ мемлекеттің сіздерге, яғни өндіріс жұмысшыларына және ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне деген ізет-құрметі өзгермейді. Біз сіздерді әрдайым қолдаймыз. Сондықтан мен еліміздің индустриясы мен өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – Отанымыздың игілігі үшін жасаған еселі еңбектеріңізге берілген лайықты баға", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент бизнеске жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін мәлімдеді.
"Жолдауымда мемлекет шағын бизнесті қолдау үшін бірқатар шара қабылдайтынын, соның ішінде алдағы үш жылда тексерістен босататынын айтқанымды білесіздер. Шағын бизнес жаңа салық шарттарына ойдағыдай бейімделуі үшін оған қазір қол ұшын созу керек деп ойлаймын. Кредитті арзандату мақсатында кәсіпорындарды қаржыландыру мәселесін де пысықтаған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
19:40, 2 қараша 2026
Алексей Чуркин ауыр атлетикадан әлем чемпионатында жүлдеге бір қадам жетпей қалды
-
19:21, 2 қараша 2026
Астанада екі әйел пәтер алып береміз деп тұрғындарды алдаған
-
19:00, 2 қараша 2026
Орал әкімінің орынбасарына 648 мың теңге айыппұл салынды
-
18:51, 2 қараша 2026
Ауыл балалары арасындағы республикалық турнирде үздік шыққан елді мекендерде спорт алаңы салынады
-
18:51, 2 қараша 2026
Ауыл балалары арасындағы республикалық турнирде үздік шыққан 10 елді мекенде спорт алаңы салынады





