Алматы тауларында жоғалған шетелдік азамат бірнеше күннен бері іздестіріліп жатыр

12:22, 2 қазан 2026
MKZ: 1570124

© Фото: Zakon.kz

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Талғар асуы ауданында жоғалып кеткен Корея азаматын іздеу-құтқару жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

73 жастағы ер адамның жоғалғаны туралы хабар 2026 жылғы 29 қыркүйекте түскен.

"Ол топ құрамында тауға көтерілген. Алайда кейін топқа сәл серуендеп, қайта оралатынын айтып, жолын жалғыз жалғастырған", – деді 2026 жылғы 1 қазанда Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Ануар Юсупов.

Іздеу жұмыстары шамамен 3200 метр биіктікте жүргізіліп жатыр. Құтқару жұмыстары тәулік бойы ұйымдастырылған. Оқиға орнында штаб құрылып, іздеу шараларын Алматы қаласы ТЖД басшылығы үйлестіруде.

Іздеу топтары таулы аймақтың жетуі қиын учаскелерін, шатқалдар мен беткейлерді, асулар мен шыңдарға апаратын бағыттарды тексеріп жатыр. Сондай-ақ осы аумақта орналасқан су айдындары да зерттелді.

Құтқарушылардың айтуынша, жұмыстарға таулы жердің күрделі бедері, биіктіктің едәуір болуы және кейбір учаскелердің қолжетімсіздігі кедергі келтіруде.

Іздеу-құтқару жұмыстарына барлығы 130-ға жуық адам, сегіз техника, үш кинологиялық есеп, 11 ұшқышсыз ұшу аппараты және ТЖМ авиациясы жұмылдырылған.

Бұған дейін Алматы облысында құтқарушылар тауда жарақат алған Франция азаматына көмек көрсеткен болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!