Алматы мен өзге өңірлерде қарулы радикалды топтардың мүшелері ұсталды

11:49, 15 қыркүйек 2026
MKZ: 1566877

© Сурет: ҚР ІІМ

Қазақстанда діни-экстремистік идеяларды бүркемелеп, бопсалау, тонау, алаяқтық, браконьерлік және есірткі саудасымен айналысқан 22 қылмыстық топ анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қылмыстық топтардың құрамында болған 64 адам ұсталды. Олар қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін атыс қаруын сақтаған.

"Мұндай топтар еліміздің әртүрлі өңірінде, соның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен", – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 15 қыркүйекте.

Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынының 7,5 млн теңгесін тартып алған. Сот үкімімен кінәлілер бес жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйел жасаған төрт алаяқтық дерегі әшкереленді. Келтірілген жалпы шығын 2 млн теңгеден асқан. Сот әйелді үш жылға бас бостандығынан айырды.

Павлодарда радикалды діни көзқарасты ұстанған жергілікті тұрғын 17 рет алаяқтық жасаған. Оның әрекетінен келген шығын 8 млн теңгеден асты. Сот оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

"Жалпы ішкі істер органдары діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмысты ашты. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, үш суық қару, жеті граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді", – деп мәлімдеді ІІМ.

Сонымен қатар полиция экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстарды, оның ішінде интернетте радикалды идеологияны тарату әрекеттерін анықтап, жолын кесіп келеді.

Мәселен, Ақтөбеде қала тұрғыны әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлап, діни алауыздықты ашық түрде қоздырған. Сот оны үш жыл алты айға бас бостандығынан айырды.

Тағы бір жағдайда Ақтөбеде зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауды жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оған алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Түркістан облысында халықаралық "Өзбекстан ислам қозғалысы" террористік ұйымының идеяларын интернетте белсенді түрде таратқан радикалды діни идеологияны жақтаушы ұсталды. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

ІІМ өкілдері діни сенім қылмыс жасауды, зорлық-зомбылық көрсетуді және алауыздықты қоздыруды ақтауға негіз бола алмайтынын атап өтті.

Бұған дейін, 10 қыркүйекте, ІІМ еліміздің бірнеше өңірінде бірқатар күдіктінің ұсталғанын хабарлаған еді. Мәселен, Астана, Өскемен қалалары мен Алматы облысында 40 млн теңге бопсалады деген күдікпен жеті адам ұсталды.

Күдіктілерден атыс қаруы мен суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ бірнеше қымбат автокөлік табылып, тәркіленді. Ұсталғандардың үшеуі бұған дейін, соның ішінде адам өлтіргені үшін сотталған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!