Алматы мен Астанада арзан пәтерді қайдан сатып алуға болады: аудандар бойынша тұрғын үй нарығына шолу

15:36, 14 сәуір 2025

© Фото: Zakon.kz

Алматы мен Астанадағы тұрғын үй бағалары қаланың беделді аймағы мен дамушы бөлігін айқын көрсетіп бере алады. Бұл ретте Zakon.kz тілшісі шаршы метрдің қай жерде арзан екенін, бағаларды қандай факторлар қалыптастыратынын зерттеп көрді.

Алматы

Алматыдағы бір шаршы метр тұрғын үйдің орташа бағасы – 660 000 теңге (2025 жылдың 14 сәуіріндегі бағам бойынша шамамен 1275 доллар) – бұл бір қарағанда, аса қымбат емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда аудандар бөлінісінде бағалар әртүрлі.

Мәселен, ең қымбат аудан – Медеу. Мұнда бір шаршы метрдің құны шамамен 1 200 200 теңге (2317 доллар). Мұндай бағаны элиталық жаңа тұрғын үйлер, тауға ашылатын көрініс, орталыққа жақындық секілді факторлар қалыптастырады.

Бірақ қаланың батысы мен оңтүстігінде мүлде бөлек баға. Жетісу, Түрксіб және әсіресе Алатау аудандарында тұрғын үйдің шаршы метрі 540 000 теңге (1023 доллар) және одан да төмен бағамен ұсынылады. Бұл орталықтағы бағадан шамамен екі есе арзан.

Неліктен арзан? Көбіне бұл – әлсіз инфрақұрылым, іскерлік орталықтан алшақтық және көлік қатынасының жеткіліксіздігімен байланысты.

Дегенмен бұл аудандарда жанданып келеді: жаңа тұрғын үй кешендері салынуда, экология жақсаруда, жолдар жаңартылып жатыр. Егер тұрғын үйді инвестиция ретінде қарастырсаңыз, дәл осындай аудандар болашақта ең үлкен пайда әкелуі мүмкін.

Астана

Астанада қайталама нарықтағы пәтердің бір шаршы метрі орта есеппен – 1 103 000 теңге (шамамен 2130 доллар), ал жаңа үйлерде бұл көрсеткіш төмен – шамамен 932 000 теңге (шамамен 1800 доллар). Алайда, Алматымен салыстырғанда баға айырмашылығы мұнда онша үлкен емес.

Ең қымбат аудан – Есіл, мұнда шаршы метрдің орташа бағасы – 621 000 теңге (1200 доллар). Бұл жерде әкімшілік ғимараттар, дипломатиялық кварталдар және элиталық тұрғын үйлер шоғырланған.

Байқоңыр, Сарыарқа және Нұра аудандарында бір шаршы метр шамамен 415 000–425 000 теңге (800–820 доллар) тұрады. Айта кетерлігі, Алматыдан айырмашылығы – бұл аудандарда мектеп, емхана, көлік сияқты негізгі инфрақұрылым қалыптасқан.

Болашақ қайда?

Алматыдағы Алатау ауданы мен Астанадағы Байқоңыр – бұл жай ғана арзан тұрғын үй емес. Бұл – урбанизацияның жаңа кезеңіне серпін бере алатын аудандар. Бүгін бұл жерлерден пәтерді салыстырмалы түрде арзан бағаға сатып алып, болашақта ұтысқа шығуға мүмкіндік бар.

Егер сіз қазірдің өзінде жайлылық пен инфрақұрылымға басымдық берсеңіз, Алматыдағы Әуезов ауданы секілді жерлерден ымыралы нұсқалар іздеген дұрыс.

Айта кету керек, келтірілген бағалар – болжамды және нақты жылжымайтын мүлік нысанына, оның жағдайына, салынған жылына, ауданына, жобасына және басқа да факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Сондықтан сатып алу туралы шешім қабылдамас бұрын нарықты мұқият зерттеп, бірнеше нұсқаны салыстыру ұсынылады.

Неліктен көп адам баспана бағасын доллармен есептейді?

Баспана бағасы көбінесе АҚШ долларымен көрсетіледі, әсіресе ұлттық валютасы тұрақсыз елдерде. АҚШ доллары – әлемдік резервтік валюта, және көптеген тауарлар мен активтердің құны әлем бойынша осы валютада өлшенеді. Жылжымайтын мүлік бағасын доллармен көрсету – Қазақстандағы бағаны басқа елдермен салыстыруды жеңілдетеді, бұл шетелдік сатып алушылар мен инвесторлар үшін маңызды.

Бұған дейін Астана және Алматы айырбастау пункттеріндегі 14 сәуірдегі валюта бағамы ұсынылған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!