Ақтөбеде пробацияда жүрген ер адам кәсіпкердің сеніміне кіріп, оны 2,5 млн теңгеге сан соқтырып кеткен

10:29, 12 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Қаржылық қиындыққа тап болған адамға көмектеспек болған ақтөбелік кәсіпкер ірі шығынға ұшырады. Жұмыс беруші алимент төлеуден жалтарып жүрген ер адамға сенім артқан, алайда ол кәсіпкерден шамамен 2,5 миллион теңгенің мүлкін ұрлап кеткен, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Диапазон" басылымының жазуынша, Ақтөбедегі компьютер клубының иесі тұрақты келушілерінің бірін ғимаратқа жабдықтар мен бейнебақылау камераларын орнатуға көмекке шақырған. Кәсіпкер оның материалдық жағдайының қиын екенін білген әрі өзі де қаржылай қолдау көрсетіп жүрген.

"Ол клубтың барлық бөлмесіне еркін кіріп-шығуға мүмкіндік алып, осы сенімді өз пайдасына пайдаланған. Кейін желіге қосылмаған компьютерлер тұрған бөлмеге кіріп, олардың ішіндегі бейнекарталарды алып кеткен. Ұрланған құрылғылардың жалпы құны шамамен 2,5 млн теңгені құрады", – делінген хабарламада.

Кейін ол бейнекарталарды бір адамға сатып жіберіп, түскен ақшаға несиелерін жауып, алимент қарызын өтеген.

Сот үкімі шыққанға дейін айыпталушы жәбірленушіге келтірілген шығынды өтей алмаған. Сонымен қатар, оның бұл қылмысты бұрын жасаған қылмысы үшін пробация қызметінің бақылауында жүрген кезде істегені белгілі болды.

Нәтижесінде сот клубтағы ұрлық пен бұрынғы жазасының өтелмеген бөлігін ескере отырып, 33 жастағы алимент төлеуден жалтарып жүрген ер адамды 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Бұған дейін көпбалалы ана әлеуметтік жәрдемақыны ішімдікке жұмсап, балаларын аш қалдырғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!