Ақтөбеде дәстүрлі емес спорт түрлері жақсы дамып келеді

23:28, 17 қаңтар 2017

Көше спорты әсіресе жеткіншектер арасында кең қанат жаюда. Осы аймақтан әріптесіміз Мансұр Есқожин сөз алады.

Құрбылары би үйірмелері мен спорттың гимнастика немесе жүзу сияқты түрлеріне ден қойса, Аружан Омарова арқанын беліне буып, таудың басына шығуға машықтанып жүр. Спорттық туризммен шұғылданғанына 2 жылға жуықтаған. 

9-шы сынып оқушысы Алматы, Көкшетау қалаларында өткен жарыстарға да қатысып үлгерді. Болашақта Хан тәңірі мен Эверест шыңдарын бағындыруды армандайды. 

Аружан Омарова, оқушы

-Мен туризмге қатысқан себебім өзім альпинист болғым келеді. Арманым – Алматыға барып, өзімнің туризм мамандығын оқу.

Арнаулы білім беретін оқу орны жанынан ашылған спорттық туризм секциясының түлегі Қуаныш Сарин қазір мектеп оқушыларын баптайды. 30-ға жуық ізбасары бар. Жүлдеден де кенде емес. Командасы өткен жылдың қараша айында республикалық біріншілікте 2-орын алды. Бұл таулы аймаққа жатпайтын Ақтөбенің жеткіншектеріне айтарлықтай жетістік. 

Қуаныш Сарин, бапкер

-Бізде тау жоқ, бізде жасанды шың бар. Сонда дайындаламыз. Соның арқасында результат көрсетіп жүрміз. Біздің Ақтөбенің командасы қазір Қазақстандағы ең мықты командалардың бірі. 

Көшенің экстремалды спорт түрінің бірі – Workout. Ақтөбеде соңғы 2 жылда кеңінен тарап, көпке белгілі бола бастады. Бүгінде үздіксіз шұғылданып жүрген 30-ға жуық спортшы бар. Алғашында ғаламтор бетінен тамашалап, есік алдындағы кермелерде жаттығып жүрген жастар бүгінде арнаулы орталықтарда бас қосады. Бірақ олардың барлығы ашық аспан астында орналасқан.  

Вадим Кирик, оқушы 

-Бізде қазір бір ғана қиындық бар. Ол күннің салқындығы. Қазір минус 16 градус. Сондықтан жаттығу жасау оңай емес. Арнаулы гимнастикалық зал болғанда жаттығуды үзбеуге болар еді. Қазір осы мәселені шешуді ойлап жүрміз. 

Көшенің экстремалды спорт түрлерін жергілікті билік те белсенді қолдап жүр. Workout алаңдары барлық аудандарда да пайда болмақ. Ал спорттық туризмді дамыту мақсатында оқушыларды сапарға жиі шығару көзделген. 

Сәуле Өмірбекова, Ақтөбе облыстық Білім беру басқармасының басшысы 

-Облыс бойынша 25 туристік маршрут даярладық. Жазда да, тіпті қыста да балалар туристік сапарға шығуы үшін. Қарғалы ауданында мысалы, оқушылар салқын күндері де шығып қайтты. Бұл өңірдің туризмін дамытуға қосқан үлесіміз деп ойлаймын. Балалардың туған жерге деген қарым-қатынасын да нығайта түседі. 

Спорттық туризмнің де болашағы зор. Ақтөбелік жастар 2020 жылы өтетін Жазғы Олимпиадаға қатысуға ниетті. Себебі сол жылы шыңға шығу Токио ойындарының бағдарламасына енген. Қазақстандағы үздіктердің бірі Ақтөбе командасы күншығыс елінде де жүлдеге жететініне сенімді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!