Ақтауда жасөспірімдер суға кете жаздады: құтқару сәті видеоға түсіп қалды

09:55, 12 мамыр 2026

© Фото: unsplash

Ақтауда куәгерлер 4-шағынаудан жағалауында шомылып жүрген екі жасөспірімді ажалдан аман алып қалды. Суға батып кете жаздаған жеткіншектерді дер кезінде байқап қалған адамдар оларды жағаға шығарып үлгерген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Lada.kz басылымының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 11 мамырда болған. 4-шағынаудан маңындағы жағалауда шомылып жүрген екі жасөспірім суға кетуге шақ қалған. Оқиға орнында болған куәгерлер дереу әрекет етіп, балаларды судан алып шыққан.

Оқиғаны видеоға түсірген тұрғын кейін халыққа үндеу жасады.

"Адамдар, шомылу маусымы басталып кетті. Мына екі жігіт жаңа ғана суға кетіп қала жаздады. Біз оларды әрең дегенде судан алып шықтық. Міне, қазір осында отыр. Тағы сәл кешіккенде қайғылы жағдай болуы мүмкін еді. Абырой болғанда, бәрі аман аяқталды, балалар тірі қалды", – дейді ер адам видеода.

Видео соңында ол жастарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, қиын сәтте көмек әрдайым қасында бола бермейтінін ескертті.

Ал Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиға бойынша 101 және 112 нөмірлеріне ешқандай шақырту түспегенін хабарлады.

Бұған дейін ШҚО-да жұмысшы биіктен құлап, мерт болғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!