Ақша үшін анасын сабағандар жаға ұстатты

14:22, 25 қаңтар 2021

Жаңа заң жобасы деп шулап жүргенімізде, баласынан таяқ жеп жүрген аналар жайлы ақпараттар шығып жаға ұстадық осы аптада, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Басқа-басқа, баласы анасын қан-жоса етіп сабады, үйден қуып шықты, балағаттап боқауыз сөздер айтты деген жанға батарлық жаңалықты айтудың өзі ауыр. Бірақ проблема жүйелі түйткілге айналып бара жатқан кеселді айтып, иесін де жүйесін де табу бәрімізге парыз.

Осы кезде Шыңғыс Айтматовтың "Найман анасы" еріксіз еске түседі екен. Баласы Жоламан анасын өлтіріп тынады емес пе? Бірақ ол мәңгүрт еді. Қазір ең жақынына жәбір көрсетушілердің мәңгүрттеніп бара жатқаны ма? деген сұраққа итермелейді. Әлде бір анық себебі бар ма?

Өмір кино. Берілген саған басты рөл. Бірақ эпизодтарда қатіғез кейіпкерлер көбейіп барады. Антиқаһармандардың рөлін әдетте алыстағы біреулер емес, жанымыздағы жақынымыз сомдап жатады. Шымкенттік Алтынкүл апаның да алтын құрсағынан шыққан қыздарынан таяқ жейтіні сценарийде жоқ еді.

Даудың басы баспанадан басталды. Қыздары мен күйеубалалары ауыз жаласып, үйге таласып, ақ сүт берген анаға қартайғанда пана болудың орнына...

Алтынкүл Асқарова, зейнеткер:

Ержан қатты сүйреді, ана бала болса жаңағы Мырзабай ол да жанымда жүр ғой сүйреп, ол да бір жағымнан сүйреп жатыр. Мен битіп еңкейіп жатырмын, сүйреп жатыр. Бір қарасам ана екі қыз мені теуіп ұрып жатыр мен еңкейсем шашымнан тартып жұлып жатыранау нағима. Не істеймін мен енді төртеуі жабылып жатыр маған.

Өмір туралы хикаяның екінші бөлімінде тағы бір бақытсыз ана. Сақалы бола тұра сайтан суға құмардың рөлін сомдаған ұлы ұрып соқты оны.

Ардақ Сейітова, "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

Біздегі ата-әжелер ешқашан өзінен туған баланы жамандамайды. Бізге олай балам ұрды, келінім ұрды, қызым ұрды деп айтқан адам болмады. Өзімнің қалауыммен келдім дейді.
Ата-ана перзентін аялайды, балалар неге аямайды?

Жанар Сейітмағанбет, психолог:

Біріншіден, ата-анасы кішкентай кезінде ұрмаса да кейбір балалар бар психикасында ауытқушылық болып жүрген болуы мүмкін. Екіншіден, ұрып-соғып тәрбиеленген бала өсе келе ата-анасынан өш алады. Үшіншіден, ішкіш, ішімдікке салынған балалар әке шешесіне қол көтереді. Ол енді ішімдік өзіне жауап бермейді. Санасы ояу емес деген сөз.
Әрине, әке-шешені қорлауды қорғау үшін сан сылтау таба аласыз. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Бір жақ қана кінәлі болмайды.

Гүлнұр Темірбекқызы, педагогика-психология магистрі:

Нені егесің, соны жинайсың деген сөз бар ғой. Баланың бұндай жайтке әкеп соғуы яғни ол баланың психикалық эмоционалды түрде сау болса дені, ішіп шекпесе, үлкен жасында саналы жасында осы нәрсені істесе, яғни балалық шағы қаншалықты мейірімге толы өткені, қаншалықты жылулықты ала білгені сол маңызды.

Мейлі, ұрпақ тәрбиелеу жолында бір кетік кетсе де, ата-анаға қол көтермек түгілі, қатты сөйлейтіндерге Ырза ханым ырза емес.

Ырза Тұрсынзада, қоғам белсендісі:

Ана тілін білмеген ана сүтіне аяғын жуады деген. Ана тілі деген тіл жайлы емес жалпы ана сүтімен келетін ұлттық болмыс, ұлттық қасиет. Қан шығармай қансыратып жатыр жан-дүниемізді. Себебі ұлттың сонау ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы нарықтың табанында қалды. Ертең сіз де ана боласыз ертең бәрін Алла алдыңызға қайтарады. Мен кәдімгідей адам өлгендей қайғырып тұрмын.

Шіркін, ана жүрегі кең ғой. Туған балаларынан таяқ жеген 70 жастағы кейуана оларды кешірді.

Мұндай оқиғаларды естігенде құдды бір аянышты, қорқынышты кино көргендей, тезірек бітуін тілеп отырасың. Бірақ сюжеттің соңын күтіп жүргенде кино емес, ата-әжелердің өмірі бітіп қалмасына кім кепіл? Бұ дүниедегі сценариі соңына жеткенде сағынбайсыз ба? Кезінде біліп-білмей ренжітіп алғаныңыз үшін өкінбейсіз бе? Артқа айналдырып қайта көре салатын кино емес, бұл өмір.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!