«Ақ бұлаққа» күректеп қаржы бөлді. Халық әлі шелекпен су тасып жүр

12:40, 15 қаңтар 2021

Парламент тиісті заңды қабылдап, Президентке қол қоюға жолдады. Биыл осы мақсатқа 16 миллиард теңге субсидия қарастырылып отыр екен. Ал ресми мәліметке сәйкес, "Ақ бұлақ" бағдарламасы аясында елдегі ауыл халқының 87 проценті ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, 2000-ға жуық елді мекен тіршілік нәрін әлі күнге шелектеп тасуға мәжбүр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Осыдан тура 10 жыл бұрын, сонау 2011-де басталған "Ақ бұлақ" бағдарламасы 10 жылда екі мәрте түрленді.

Әуелгі кезеңде 2011-2014 жылдар аралығында 1100-ге жуық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 333 млрд теңге бөлінді. 15 мың шақырым сумен жабдықталып, су бұру желілері жаңадан салынып, кейбірі қайта қалпына келді. Одан кейінгі 2015-2019 жылдары бағдарлама шеңберінде 500-ге жуық жобаны іске асыруға 380,3 млрд.теңге бөлінді. Нәтижесінде 3,8 мың шақырымға су тартылды.

Осы аталған екі кезеңді қоса алғандағы қорытынды мынадай...

Мақсат Аяшев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:

Өткен жылы екі бағдарлама аяқталды. Жоспар толықтай орындалды. Қазір 87 ден астам пайыз жабдықталған ауылдық мекендер. Қалалардың ішінде 97 ден жоғары пайыз сумен қамтылып отыр.

Десе де, аталған жобаға күректеп қаржы бөлінгенімен, жұртшылық әлі күнге шелектеп су тасып жүр.

Ақ бұлақ түгіл, қара судың өзін қанып іше алмай отырған елді мекендер саны қазір бізде 2000-ның айналасы.

Бексұлтан Бегалиев, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті сумен жабдықтау басқармасының бас сарапшысы:

Елімізде 1926 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылмаған. Олардың 838-і халық саны 200-ден кем ұсақ ауылдар.

Мұндай моно ауылдарға миллиондарды шашу ысырап дейді жауапты мамандар. Халық саны аз елді мекендер үшін кешенді блок-модульдер тиімді көрінеді. Айпақшы өңірлерде су бағасы әртүрлі қазір. Мемлекеттен бөлінетін субсидия уақытылы жетпей, сөйтіп бағаның көтерілуіне әкеп соғады. Бүгін сенатор Төреғалиев Парламентте тап осы мәселені көтерді.

Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының 87%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Орталықтандырылған ауызсумен қамтылған ауылдық елді мекендердің саны 4078, солардың ішінде 42%-ы субсидияға қол жеткізген.

Заң бірауыздан қабылданып, Президентке жолданды. "Ал тіршілік нәрінен тапшылық көріп отырған 2000-ға жуық елді мекеннің мәселесі 2025 жылға дейін жалғасын "Нұрлы жер" бағдарламасының еншісіне қалып отыр", - дейді мамандар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!