Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастырылуы тиіс
© Фото: Zakon.kz
2026 жылдың 27 сәуірінде Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.
Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, сондай-ақ өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Отырыс барысында жазғы науқанға дайындық, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, медициналық қызмет көрсету және оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қаралды. Вице-премьер жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлердің дайындық барысы туралы баяндамаларын тыңдады.
Аида Балаева балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы жазғы демалыс шараларымен 3,2 млн баланы қамту жоспарланып отыр, бұл – оқушылардың жалпы санының 86,2%-ы. Балалардың демалысы жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта, 179 маусымдық лагерьде және мектептер мен мектептен тыс ұйымдар жанындағы 10 894 орталықта ұйымдастырылады.
Сонымен қатар биыл білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау тәртібі жаңартылды. Енді лицензиялар меншік нысанына қарамастан ұйымдарға "Электрондық үкімет" порталы арқылы 5 жыл мерзімге беріледі. Тиісті нормативтік құқықтық актілерді 1 мамырға дейін толық қабылдау жоспарланып отыр.
Балалардың жазғы кезеңдегі мазмұнды демалысына ерекше назар аударылды. Оқушылардың 97%-ын түрлі пайдалы іс-шаралармен қамту көзделген. Осы мақсатта шығармашылық, спорттық, туристік, зияткерлік және еңбек бағыттарындағы бағдарламалар жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау министрлігі жазғы маусымға дайындық аясында балалар демалысының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлады. Лагерьлерге рұқсат беру олардың дайындығы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне байланысты болады.
Бұдан бөлек, алғаш рет лагерьлердегі медициналық қызметті лицензиялау енгізіліп, медицина қызметкерлеріне арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленген. Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, балалар лагерлеріне арналған жаңа тамақтану стандарттарына сәйкес мәзір әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Аида Балаева жазғы демалыс балалар үшін қауіпсіз, сапалы, танымдық әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар ол жазғы демалысты оқу процесінің жалғасына айналдырмау керектігін айтты. Барлық іс-шаралар балаларға қызықты, қолжетімді әрі ойын форматында ұйымдастырылуы қажет.
Вице-премьер өңірлік штабтардың республикалық штабпен тығыз жұмыс істеуі керектігін айтып, негізгі басымдық ретінде балалардың қауіпсіздігін атады. Бұл ретте мемлекеттік және жекеменшік лагерьлердің барлығы қамтылуы тиіс. Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, лагерь қызметкерлерінің сапалық құрамына тексеру жүргізетін болады.
Жиын қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, жазғы бағдарламаларды сауықтыру, спорттық, мәдени, экологиялық және танымдық бағыттармен толықтыру, балалар қатысатын іс-шараларда қауіпсіздік шараларын күшейту, тамақтану сапасы мен санитариялық жағдайға бақылауды арттыру, сондай-ақ мектеп жанындағы лагерьлердің дайындығын пысықтау тапсырылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Жасыл сабақтар" экологиялық жобасының элементтерін жазғы демалыс бағдарламаларына енгізу міндеттелді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:38, 27 сәуір 2026
Қар мен бұршақ, шаңды дауыл: 28 сәуірде қандай ауа райы күтіп тұр
-
17:20, 27 сәуір 2026
Тоқаев Ақордада Израиль президентін салтанатты түрде қарсы алды
-
17:20, 27 сәуір 2026
Ақорда резиденциясында Израиль президентін қарсы алу рәсімі өтті
-
17:11, 27 сәуір 2026
ҚазҰУ-дағы жеке деректердің таралуы: кімдер жазаланды
-
16:53, 27 сәуір 2026
Жанабылов пен Төлегенова ісі бойынша сот үкімі жарияланды





