«Адамды ешқашан алмастырмайды»: вице-министр жасанды интеллектінің рөлі туралы айтты

15:42, 15 қыркүйек 2026
MKZ: 1566954

© Фото: pixabay

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов 2026 жылғы 15 қыркүйекте Үкіметте өткен брифингте жасанды интеллект технологияларының адамды алмастыру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жасанды интеллект әрдайым көмекші құрал ретінде қолданылады.

"Жасанды интеллект адамды ешқашан алмастырмайды. Ол әрдайым азаматтарымыздың көмекшісі әрі ассистенті болады", – деді Ғиззат Байтұрсынов.

Вице-министр жасанды интеллектіні қандай мақсатта пайдалануға болатынын мысалмен түсіндірді.


"Мәселен, жасанды интеллектінің көмегімен белгілі бір жұмысты жылдамдатуға немесе кейбір бизнес-процестерді автоматтандыруға болады. Ақпарат ағыны көп болған жағдайда оны сүзгі ретінде пайдалануға мүмкіндік бар. Бірақ қандай жағдай болмасын, соңғы шешімді адам қабылдайды. Біздің ұстанымымыз – осы", – деді ол.

Бұған дейін Ғиззат Байтұрсынов Алматы әкімдігі қызметкерінің жасанды интеллект технологияларының көмегімен бұрмаланған есебіне қатысты пікір білдірген еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!