Абай облысында қайтарылған активтер есебінен Оқушылар сарайы мен жаңа әлеуметтік орталық салынды

15:01, 21 шілде 2026
MKZ: 1557237

© Фото: Zakon.kz

Абай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жалғасып жатыр. Өңірде жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын 26 жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі нысандардың бірі – Семей қаласында салынған Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жаңа ғимараты. Жобаның құны 2,6 млрд теңгені құрады.

Нысанның пайдалануға берілуі психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арналған орын тапшылығын жоюға және арнаулы әлеуметтік қызметтер алу кезегін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

Аягөз ауданында құны 250 млн теңге болатын магниттік-резонанстық томография аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. Жаңа диагностикалық кешен облыстың бірнеше ауданының тұрғындарын жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс орталығында құны 7,6 млрд теңгені құрайтын, 1 500 орынға арналған заманауи Оқушылар сарайы салынды.

Мұнда балалардың спортпен, жүзумен, робототехникамен, авиациялық модельдеумен, ІТ-технологиялармен және қосымша білім берудің басқа да бағыттарымен айналысуына барлық қажетті жағдай жасалған.

Қазіргі уақытта Оқушылар сарайына апаратын қауіпсіз кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда. Себебі нысан айналма автожолдың маңында орналасқан.

Қалған әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен олардың уақтылы іске асырылуы Абай облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!