2027 жылы Астанада УЕФА президенті мен Атқарушы комитетінің мүшелері сайланады

19:42, 5 тамыз 2026
MKZ: 1559864

© Сурет: gov.kz

2027 жылғы 22 сәуірде Астанада Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) 51-конгресі өтеді. Бұл – ұйымның ең жоғары басқарушы органы. Конгресс барысында Еуропа футболының алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданады, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған конгреске УЕФА құрамына кіретін 55 ұлттық футбол қауымдастығының өкілдері, ұйым президенті, Атқарушы комитет мүшелері, ФИФА, еуропалық лигалар, клубтық бірлестіктер және халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады.

"Алдағы конгрестің басты ерекшеліктерінің бірі – сайлау рәсімінің өтуі. Дәл осы Астанада УЕФА президенті мен Атқарушы комитет мүшелері сайланады. Қазақстанның осындай ауқымды іс-шараны өткізу құқығына ие болуы – УЕФА-ның елімізге білдірген жоғары сенімінің және халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесі мен әлеуетінің мойындалғанының айқын дәлелі. Конгресті ұйымдастыруға байланысты барлық шығынды УЕФА өз қаражаты есебінен қаржыландырады", делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетсек, 4 тамызда Францияның "Пари Сен-Жермен" футбол клубы Қазақстанда өзінің ресми академиясын ашатынын жариялады. Әлемдік футболдағы жетекші брендтердің бірінің елімізге келуі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, заманауи даярлық әдістемелерін енгізуге және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

"Қазақстан Еуропаның футбол кеңістігіндегі өз орнын кезең-кезеңімен нығайтып келеді. Бүгінде еліміз халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын әрі футболды барлық бағытта тұрақты дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырған мемлекет ретінде танылып отыр", - дейді құзырлы ведомство.

Бұған дейін Сапында Дастан Сәтпаев та өнер көрсетіп жатқан "Челси" маусымалды ойындарда екі рет жеңіліс тапқанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!