90 жылға жуық уақыт өткен соң: Алматыда 1937 жылғы ғимараттың орнына жаңа перзентхана салынып жатыр

12:54, 7 қазан 2026
MKZ: 1571003

© Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда №2 перзентхананың жаңа ғимаратының құрылысы жалғасып жатыр. Медициналық нысан Медеу ауданындағы Жангелдин көшесінде салынып жатыр.

Мекеменің тарихы 90 жылға жуық уақытты қамтиды. №2 перзентхана 1937 жылы салынған, соңғы күрделі жөндеу 2003 жылы жүргізілген. Қазіргі ғимарат медициналық инфрақұрылымға қойылатын заманауи талапқа сай келмейді.

Салынып жатқан перзентхана жертөле және жер үстіндегі үш қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы ауданы 12,4 мың шаршы метрден асады.

Жаңа ғимаратта медициналық көмектің толық циклі қарастырылған. Мұнда босандыру және босанғаннан кейінгі бөлімшелер, жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге арналған жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесі, қарқынды терапия палатасы, диагностикалық палата, сондай-ақ шала туған және реанимациялық көмекке мұқтаж жаңа туған нәрестелерге арналған бөлімшелер орналасады.

Шала туған нәрестелерді күтіп-баптауға 10 кювез қарастырылған. Тағы 12 кювез жаңа туған нәрестелердің жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде орналастырылады. Сондай-ақ жобада жаңа туған нәрестелерге арналған реанимациялық палата мен сүт блогы көзделген. Бұдан бөлек, екі ота жасайтын зал – шағын және шұғыл ота жасайтын зал қарастырылған. Қабылдау-диагностикалық бөлімшеде науқастар жағдайының ауырлығына қарай бөлінеді.

Жобада ішкі логистикаға да ерекше мән берілген. Науқастарға, стерильді материалдарға, азық-түлікке және медициналық қалдықтарға арналған жеке бағыттар қарастырылған. Қабаттар арасында баспалдақ пен жеделсаты арқылы қатынау қамтамасыз етіледі. Барлық кіреберіс топтары жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болады.

Перзентхананың жобалық қуаты 36 орынға есептелген. Мекеме штатында 229 қызметкер қарастырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау келесі жылға жоспарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!