31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
© Сурет: Zakon.kz
Бүгін бүкіл Қазақстан жұрты жазықсыз жала жабылған саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылықтан қаза тапқан жандарды еске алып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде 1997 жылдан бастап аталып өтеді. Себебі Қазақстанның тұңғыш президенті жарлығымен 1997 жыл – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған.
Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі де осы – «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң еді. Аталған заң 1993 жылы 14 сәуірде қабылданды.
1918-1933 жылдар аралығында Қазақстанда әртүрлі мәліметтер бойынша 3 миллионнан астам адам қаза тапты, оның ішінде 1931-1933 жылдар аралығында 1,7 миллионға жуық адам қаза тапты. 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандары – 100 мыңнан астам қазақстандық болды.
1933 жылға қарай 40 млн. мал басының оннан бір бөлігі қалды. Мұндай іс-әрекеттерден бірінші кезекте қазақтар зардап шекті, себебі мал, олардың негізгі азықтанудың жалғыз көзі болған. Тәркілеуге 4,5 миллионға жуық мал басы (ірі қара малға қайта есептегенде) алынған 11 260 шаруашылық кірді.
Нәтижесінде, 1931-1933 жылдары 1 млн. адамнан (Роберт Конквесттің бағалауы бойынша) 1,75 млн.адамға дейін (Абылхожин, Козыбаев және Татимовтың бағалауы бойынша) қайтыс болады. 1 миллионға жуық қазақтарды Ресей Федерациясының шекаралас Қазақ АКСР өңірлеріне, соның ішінде Қырғыз АКСР, Қарақалпақ АКСР, Саратов, Сталинград және Орта Еділ өлкелеріне, Орынбор, Челябинск, Омбы облыстарына, сонымен қатар Батыс Сібір өлкесіне көшіруге мәжбүр болды.
Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес одағы құрамында болған барлық халық пен ұлттардың бетке ұстар интелегенция өкілдері ұшыраған.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаһанша Досмұханбетов, Абдулла Розыбакиев, Магази Масанчи сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.

Сурет: Zakon.kz
Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан. Атап айтқанда «Халық жауы» әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған лагері, Петропавл лагері, Кингир және Өскемен лагері және тағы басқалары болды. Сонымен қатар НКВД репрессияға ұшырағандардың отбасы мүшелерін де соттады.
Арада біраз жыл өтіп, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен КАРЛАГ пен АЛЖИР тоталитаризмнің адамгершілікке жатпайтын сипатын айғақтайтын тарихи мемориалдық кешендерге айналды.
Сонымен қатар 2016 жылы Алматыдағы Қарағайлы саябағына 1930 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-мемориал орнатылған. Эскиз жобасының авторлары: Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев және Қанат Бегулиев. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш «Ана» деп аталады. Ескерткіш аштықтан қажыған баланы кеудесіне қысып алған ана бейнесінде жасалған.

Сурет: Zakon.kz
Айта кетейік, Қолданыстағы заңнамаға сай саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді. Биыл бұл мақсатқа 1,3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 8 232 азаматқа 3 278 теңгеден 47 700 теңгеге дейінгі мөлшерде 182 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек беріледі.
Сонымен қатар 2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылған еді. Мемлекеттік комиссия мұрағаттық зерттеулер жүргізеді.
Еске сала кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы «Хазірет Сұлтан» мешітіне барып, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына құран бағыштады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы елордадағы «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументіне гүл қою рәсіміне қатысты. Іс-шараға нәубет жылдары зардап шеккен отандастарымыздың жақындары мен туыстары қатысты.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
22:48, 18 желтоқсан 2025
Ақтөбеде балконында марихуана өсірген ер адам ұсталды
-
21:58, 18 желтоқсан 2025
Билік мектептегі тамақтану мәзіріне жылқы етін аптасына екі рет қосуды ұсынды
-
21:31, 18 желтоқсан 2025
Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды
-
20:49, 18 желтоқсан 2025
Павлодар облысында педофил 20 жылға бас бостандығынан айырылды
-
20:12, 18 желтоқсан 2025
Атырауда синтетикалық есірткі таратумен айналысқан өзге облыс тұрғыны ұсталды





