200-ге тарта оқушысы бар жекеменшік мектеп жойылады: оған не себеп болды

14:36, 19 ақпан 2026

© Фото: akorda.kz

Бір жылға жуық уақыттан бері оқушы тәрбиелеп келген жекеменшік мектеп жабылады. Мәселе Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өңір сотының баспасөз қызметі білім беру қызметін жүзеге асырған жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (ЖШС) тарату туралы талапты уәкілетті орган қойғанын атап өтті. Себеп – білім беру қызметін лицензиясыз жүзеге асырған.

"ЖШС 2025 жылғы 13 мамырда "жалпы орта білім беру" негізгі қызмет түрімен тіркелген. 2025 жылғы 2 қыркүйектен мектеп оқу процесін бастап, тиісті лицензиясыз жұмысын жалғастырған. Бұған дейін компания Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы 1-бөлігі бойынша лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Айыппұл толық көлемде төленген",- делінген ақпаратта.

ЖШС өкілдері талап қоюды мойындамады. Олардың айтуынша, ұйым 280 орындық мамандандырылған мектеп жобасын іске асыру үшін құрылған. Ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынған. Қазіргі уақытта мектепте 166 оқушы білім алуда, оның ішінде көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар бар. Штатта 35 қызметкер жұмыс істейді.

"ЖШС өкілдерінің айтуынша, лицензия алу үшін қажетті құжаттар пакеті "90 пайыздан астам" дайын болған, ал 2026 жылғы 3 ақпанда берілген өтініш (қарау мерзімі – 30 жұмыс күні) қаралу үстінде. Сондай-ақ олар ата-аналар тарапынан шағымдар түспегенін және білім сапасы төмендемегенін мәлімдеген. Сот уәкілетті орган бұған дейін ЖШС-ға лицензия беруден екі рет бас тартқанын анықтады. Бұл бастартуларға шағым жасалмаған",- деп түсіндірді сотта.

Сот лицензия ұйымның балаларды оқытуға құқығын растайтынын, мемлекеттік білім беру стандарттарының сақталуын, білікті педагогтардың, оқу әдебиеттерінің және қауіпсіз инфрақұрылымның болуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

"Сонымен қатар, тек лицензиясы бар мектептер ғана мемлекеттік үлгідегі аттестат беруге құқылы. Лицензияның болмауы білім сапасына әсер етпейді деген дәлел сот тарапынан негізсіз деп танылды. "Білім туралы" Заңның 40-бабы 2-1-тармағын басшылыққа ала отырып, сот заңды тұлғаны тарату туралы талап қоюды қанағаттандырды",- деп шешті сот.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!