Комплекс деген не?

14:23, 22 сәуір 2017
1252

Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді бір тақырыптың, бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп, біріктіріп оқытуды комплекс деп атайды. Одан да дәлдеп айтқанда:

Өмірде шын жолығатын нәрселерді, құбылыстарды байланыстырып, ол құбылыстарды байланысқан, іліктескен, бір-біріне әсер еткен қалпында араларындағы қатынасын зерттеуді комплекс дейді. Комплекстің бірде-бір мәнісі – «түйдек», «жуымық», «топ» деген сөздерге тура келеді. Ненің түндегі, ненің жуымығы десеңіз, әралуан нәрселердің түйдегі, жуымығы болу керек.

Мысал: Қазақта құдалық болғанда немесе атқа, балуанға бәйгі тіккенде, жол-жораға түсетін «тоғыз» деген нәрсе бар – «ат бастатқан тоғыз, жамбы бастатқан тоғыз, құндыз бастатқан тоғыз, қасқа тоғыз» беріпті деп келеді. Бір тоғызда тоғыз түрлі бұйым болады. Соның ең құндысы, қымбаты: ат не жамбы, не құндыз болғандықтан «бастатқан» деп атайды. Комплексті сол тоғызға салыстыруға болады. Комплекс ішіндегі бас тақырыпты, бас пікірді атқа, жамбыға, құндызға теңеуге болады. Бір тақырыпқа тоғыз түрлі нәрсе емес, одан да көп те, аз да нәрселер, құбылыстар тіркеуге мүмкін. Бұл тек мысал үшін айтылып отыр.

Тағы мысал: комплекс тақырыбы үй ішінің күзгі жұмысы екен. Әлгі ат, жамбы, құндыз орнына жүретін нәрсе осы екен. Енді мұның шапшан-шоқпыт, орамал-шаршы сияқты бұйымдары не болады десеңіз, ол мыналар: әр баланың үйінде қанша жан барлығы, олардың жасы, жұмысы, күзгі шаруасы, шаруа саймандары, ол саймандардың қалай жасалуы, дамуы, еңбектің қайткенде өнімді болатыны, еңбек өнімді болуға күн райының, өсімдіктің, түрлі хайуаның, сайманның, адам күшінің есебі, күн райы, өсімдік өзгерістерінің себебі, еңбектің құнарсыз болуына ауыл (қоғам) арасындағы қолайсыз жағдайлардың (зорлық, қиянат) әсері, еңбектің жемісі, оның құны... деген сияқтылардың бәрі кіреді, зерттеледі, тексеріледі.

Міне, бір тақырыптың маңына өмірдегі барлық құбылыстарды жинаған, түйдектеген деп осыны айтады.

Әлде «құбылыс» деген сөз ұғымсыз болды ма? Ұғымсыз болса «құбылыс» – құбылу, яғни бір күйден екінші күйге түсу, дүниеде өзгермейтін, құбылмайтын нәрсе жоқ. Мысал: «жел» – жаратылыстың бір құбылысы, жел жоқ, тымық боп тұрып, дереу жел көтеріледі, жел тұруға ауаның бір тұсы жылынып, бір тұсы сууы себеп болады, жылы ауа мен суық ауа бірінің орнын бірі алуға, араласуға тырысып, ауа қозғалады. Сол қозғалуды жел дейміз. Ауаның жылынуына не себеп болды? Күннің көзі, жердің қыртысы, судың жүзі себеп болды. Сол сияқты жаңбыр, қар, найзағай, от, электр, қыс түсу, жаз шығу, егін салу, құрт қайнату, май алу, шам жану... – бәрі де «құбылыс» боп саналады. Үйткені мұның бәрінде де нәрсе бір күйден екінші күйге ауысады.

Дереккөз: bilim-all.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!