Жылқыны сойып алып кетпек болған ұрылар ұсталды

12:32, 5 желтоқсан 2019

Алматы. 05 желтоқсан. 7kun.kz — Алматы облысының полиция қызметкерлері жылқыны мүшелеп жатқан ұрылардың үстінен түсті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 4 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданында болған. Түрген ауылының маңындағы автожолдарды түнгі шолу барысында полицейлер жылқыны сойып, мүшелеп жатқан екі ер адамды ұстады. Жылқының ауылдан ұрланғаны анықталды.

«Барымташылар жылқыны жолдан 200 метр жерде сойып жатқан. Тәртіп сақшыларын байқап қалған күдіктілер бой тасалауға тырысқан. Алайда, олар сол жерде ұсталып, аудандық полицияға жеткізілді. Сонымен қатар, жақын маңды барлау кезінде күдіктілерге тиесілі «Лада Гранта» автокөлігі табылды. Көлік жүргізушісі де жасырынуға тырысқан, бірақ оның ізіне түскен тәртіп сақшылары көлікті ұстады», — делінген хабарламада.

Жедел тексеру барысында барымташылар екі сағат бұрын Түрген ауылының 68 жастағы тұрғынының қорасындағы жылқыны ұрлап кеткен. Мал иесі жылқысының қолды болғанынан хабарсыз болып шықты. Жәбірленуші ауыл тұрғыны полицейлерге шеберлігі мен қырағылығы үшін алғысын білдірді.

«Фермер өз шығынын 500 мың теңгеге бағалады. Сойылған жылқының еті мал иесіне берілді. Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында ұсталған күдіктілердің өзге де мал ұрлықтарына қатысы бар-жоғы тексеріледі», — деп атап өтті полиция өкілдері. 

Еңбекшіқазақ ауданының полиция басшылығы қызмет барысында ерекше көзге түскен қызметкерлерді көтермелеу үшін облыстық департаментке ұсыныс жолдамақшы. 


Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!