ЖОО ақылы білім бағасын өздері белгілейтін болады – Сағадиев

16:57, 25 сәуір 2018

Алматы. 25 сәуір. 7kun.kz – Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ЖОО-ның академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы заң жобасын талқылау барысында ақылы түрде оқыту бағасын реттейтін норманы алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz.

«Біз академиялық және басқару дербестігі бойынша өзгеріс енгізумен қатар, қаржыландыру қызметін де күшейтуіміз қажет. Қаржыландыруды өзгерту бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыны дұрыс пайдалануға және материалдық-техникалық, әлеуметтік базамен қамтамасыз етуге жағдай жасауы тиіс. Осыған байланысты, біріншіден, 4 жыл бойы мамандықты қаржыландырудан бас тартып, бағдарламаны игеру мерзіміне тиісті кредиттік технология бойынша қаржыландыруға көшу. Осыған байланысты заң жобасында министрлікке кредиттік оқыту технологиясын ескеріп, ЖОО-ны қаржыландыру тәртібін бекіту және мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша жаңа құзырет қарастырылған», – деді министр.

Оның айтуынша, ЖОО және одан кейінгі кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырысты бекіту мерзімі бір жылдан үш жылға дейін өзгерді. Осы ұсыныс экономиканың нақты секторын есепке алып, мемлекеттік тапсырысты тиімді бөлуге жағдай жасайды.

«Екіншіден, қаржылық саясатты регламенттеу аясында ЖОО-ға ақылы түрде оқыту бағасын реттейтін норманы алып тастау ұсынылады. Аталған өзгеріс азаматтарға, оның ішінде халықтың осал топтарына жататын адамдарға жоғары білім алуға қол жеткізуді кеңейтуге жағдай жасайды», – деді ол.

Сондай-ақ, министр Мәжіліс кулуарында журналистерге ЖОО-ға ақылы түрде оқыту бағасын реттейтін норманы алып тастау қалай болатыны туралы түсіндірді.

«Ақылы білім беру гранттан арзан да, қымбат та болмауы тиіс, сол себепті біз осы норманы алып тастауды жоспарлап отырмыз. ЖОО төлем нормасын қазір өздерінде бар есептермен және өздері қалай болуы керек деп санайды солай бекітетін болады», – деді министр.

Сағадиев мемлекеттік гранттар әрі қарай бөліне беретінін, дегенмен оқу бағасының өзгеріссіз қалатынын айтты.

«Біз гранттар бөлеміз. Баға өзгермейді. Халықтың көпшілігі елдегі білімнің өте арзан екенін айтады. Сонымен бірге білімді өте қымбат деп есептейтіндер де көп. Сол себепті ақылы бөлімі көп ЖОО-ға білім беру қалай болуы тиіс екенін өздері шешсін деп мүмкіндік беріп отырмыз. Талапкерлердің басым бөлігі бәрібір де ұлттық ЖОО-ға грантқа оқуға түсетін жағдайда біз мұны дұрыс деп есептейміз», – деді ол.


Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!