Назарбаев: Сирия дағдарысы біз үшін де, өңіріміз үшін де өзекті болып отыр

14:16, 17 наурыз 2018

Алматы. 17 наурыз. 7kun.kz – Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі жөніндегі Астана процесіне кепіл елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесті деп хабарлайды Primeminister.kz сайты.

Мемлекет басшысы Астана процесі арқылы оқ атпау жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

«Сирия дағдарысы біз үшін де, өңіріміз үшін де өзекті болып отыр. Ұрыс қимылдары салдарынан 400 мың адам, соның ішінде балалар, әйелдер мен қарттар қаза тапты. Бұл қақтығыс бүкіл өңірде қолайсыз ахуал туғызды. Дегенмен, Астана процесі Сириядағы соғыс пен қантөгісті тезірек тоқтатуға деген үмітті ұялатты. Астана келіссөздері Женева процесін жандандырды», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент өңірде бітімгершілік орнату жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын Қазақстанның қолдағанын айтты.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанада келіссөз алаңын ұсынғаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтып, Сириядағы қақтығысты шешу жолдарын іздестірудің маңыздылығын атап өтті.

«Шығыс Гутада соңғы екі күнде 20 мыңға жуық бейбіт тұрғын осы аумақтан шығуға мүмкіндік алды. Біз қазір Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп, оларды уақытша қоныстанған жерінен өз үйлеріне оралғанға дейін қажетті заттармен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатырмыз», — деді Ресей Сыртқы істер министрі.

 

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!