Латвия кинематографистері танымал оператор туралы фильмге қажетті материалдарды Қазақфильмнен тапты

11:47, 18 тамыз 2017

Алматы. 18 тамыз. 7kun.kz —  Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына режиссер-документалист Дзинтра Гека бастаған бір топ кинематографистер келді. Олар аты аңызға айналған оператор Эдуард Казимирович Тиссэге қатысы бар материалдарды жинап жатыр. Бұл туралы Қазақфильмнің баспасөз қызметі хабарлады.

– Эдуард Тиссэ режиссер Эйзенштейнмен бірге жұмыс істеген ұлы оператор. Эйзенштейнге арналған кітаптар да, фильмдер де жетерлік. Ал Тиссэ туралы аз. Тіпті ол туралы мағлұмат та аз. Мен бұл фильмді түсіруді осыдан жиырма жыл бұрын қолға алғам. Алайда белгілі бір себептерге байналысты фильмді тоқтатуыма тура келді. Бірде түсіме Тиссэ енді. Мотоциклде отыр. Маған қарап: «Қане, кеттік» — дейді. Сол түс маған берілген белгі іспетті қабылдадым. Содан кейін фильмді аяқтауым керек деп шештім. Міне, «Тиссэні іздеп» осында келдік. Өйткені ол Эйзенштейн екеуі қырқыншы жылдары Алматыда құрылған Бірлескен орталық киностудияда талай киноны тудырған, — деді Дзинтра Гека.

«Қазақфильмнің» Эксперттік кеңес теңтөрағасы Бекболат Шекеров және «Деректі фильмдер» ШӨБ жетекшісі Әсет Ерназаров латвиялық әріптестеріне киностудияны аралатып, Эдуард Тиссэнің есімі қашалған ескерткіш тақтаны және «ЦОКС Алматыда» атты деректі фильмді көрсетті. Әріптестер «Ленфильм» мен «Мосфильм» және сол дәуірдің үздік киногерлерінің ҚазКСР астанасына көшірілген кезеңі туралы пікір алмасты.


Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!