«Қазақ» газеті зиялы қауым мен бас көтерер азаматтарын біріктіріп, жұмылдыра білді — Cветлана Смағұлова

19:08, 23 маусым 2023

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Алматыда «Қазақ Медиа Ассоциациясы» ЗТжЖКБ «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» атты дөңгелек үстел жиынын өткізді. 

Дөңгелек үстелді өткізудегі негізгі мақсат –​ биылғы «Қазақ» газетінің 110 жылдық мерейтойын атап өту және қазіргі ұлт баспасөзінің мәселелерін талқылау. 

Жиынды «Қазақ Медиа Ассоциациясы» төрағасының орынбасары Өміржан Әбдіхалық ашып, «Алғашқы тәуелсіз әрі ұлттық һәм мемлекетшілдік бағыттағы «Қазақ» газетінің 110 жылдығын атап өту – ұлттық баспасөзге оның тарихына құрмет және борыш», — деп атап өтті. 

Дөңгелек үстел Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің шара қатысушыларына жолдаған құттықтау хатымен басталды. 

 «Қазақ» газеті жарық көрген күннен бастап ұлттың ең тағдыршешті, өткір мәселелерін қаузады. Халықтың жан-жүрегін сыздатқан өзекті тақырыптарын жұртпен бірге талқыға салды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі ғасырдан аса уақыт бойы қазақ баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналды» делінген құттықтау хатта. 

Алғашқы сөзді тарихшы-ғалым Светлана Смағұлова алып «Қазақ» газетінің шығу тарихы туралы айтып, «Қазақ» газеті ХХ ғасырдың басында журналистиканың шоғыры биік басылымы болғанын атап өтті.  

«Біріншіден, газетті үнемі бақылауда ұстаса да, сол кездің өзінде бейресми, үкіметтің әкімшілдік, әміршілдігінен ада болды. Екіншіден, басылым қазақтың зиялы қауымын, бас көтерер азаматтарын біріктіріп, жұмылдыра білді. Үшіншіден, ұлттық мүдде жолында қызмет етіп, халықтың мұң-мұқтажын көтере білді», – деді тарихшы.  

Сондай-ақ «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығында 266 нөмірі жарық көргенін, ұлт зиялыларын біріктіргенін атап өтті. 

Белгілі журналист Серік Жанболат ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікір білдірді. 

 «Ақпараттық майданда соғыс болып жатыр. Ақпараттық саясатқа бәріміз қатысуымыз керек. Ресейдің ақпарат тасқынынан құтылу үшін там-тұмдап әрекет жасалады. Бірақ басталған іс соңына жетпейді. Тәуелсіз ақпарат жүйесін құрамыз десек, соған сай саясат жүргізілуі керек. Басқа мемлекеттер заң бойынша  ақпарат кеңістігін бөтенге бермейді. Мәселен, Ресейде шетелдіктер ақпарат құралының 20 пайыздық акциясына ғана ие бола алады. Бізде ше? Ресейдің іргелі басылымдары, қосымшалары елімізде де шығады. Оларда не жарияланып жатыр? Кім қадағалап жатыр? Ақпарат кеңістігін қорғау үшін министрлік қана емес, үкімет қолға алу керек», – деді Серік Жанболат. 

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш қазақ басылымдарының бүгінгі хал-ахуалы жайында біраз түйткілді жеткізді.

«Бүгін жарық көріп жатқан басылымдар – «Қазақ» газетінің мұрагерлері. Қай кезде де мерзімді баспасөз керек. Биыл ақпараттық доктрина қабылданды. «Масс медиа» туралы заң жобасы қаралып жатыр. Қазір қазақ басылымдарының жағдайы мәз емес. Жазылу мәселесін айтып келеміз. Бағасы сол күйі, бірақ баспахана қызметі, жеткізу құны қымбаттап кетті. Бірақ басылымға жазылу құны өзгерген жоқ. Бұрынғыдай емес, баспасөзге жарнама беру де азайып кетті. Яғни, біз табысқа емес, шығысқа жұмыс істеп келеміз. Заман талабына сай, әлеуметтік желідегі арналарымызды дамытуға күш салып жатырмыз», – деп атап өтті Думан Анаш.

«Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп қазіргі қазақ журналистикасын тәуелсіз деп айтуға келмейтініне тоқталды. 

«Бәрі қаржылық жағдайға кеп тіреледі. Тиражы өзін ақтаса, сол кезде ғана газет толық тәуелсіз. Өкінішке қарай, қазір олай емес. Газет – архив үшін керек. Зерттеу жүргізумен айналысатын басылым жоқтың қасы. Ең алдымен, таралым, ақша табу мәселесін қарастыру керек» десе, «Алатау ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы: «Ақпараттық кеңістікті қорғауымыз керек. Адамның ақыл-ойын басқару баяғыда басталып кеткен. Бұл өте қауіпті. Дәл қазір заманға сай ақпараттық стратегия қажет. Көптеген басылым сыртын ғана өзгертеді. Мәселе – мазмұнында. Сапалы, өлмейтін, мәнін жоғалтпайтын дүние жариялануы тиіс. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианы бір-біріне қарсы қоймай, үйлестіру қажет. Сол кезде біздегі сапалы контентті әлеуметтік желі алып, тарататын болады» дейді бас редактор. 

Жиынға қатысқан «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы «Қазақ» газетінің 1916, 1917, 1918 жылдары кітап болып шықпаған нөмірлерінің алдағы уақытта тұтас жинаққа енгізіліп, кітап болып шығатыны туралы сүйінші хабарды жеткізді. 

Дөңгелек үстелде белгілі журналист Ертай Айғалиұлы, Adyrna.kz бас редакторы Арман Әубәкір, «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева қазіргі газет-журналдың жағдайы туралы пікір білдірді.

Жиын соңында қатысушылар қазіргі ұлттық баспасөз мәселелері бойынша тұрақты жұмысшы тобын құру, ұлттық баспасөздің салалық, ағымдық мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастыру,қазіргі ұлттық баспасөздің бірігіп көтеруі тиіс мәселелерінде ортақ көзқарас, ұстаным мәселелерін кеңесу,желілік басылымдар мен мерзімді басылымдар арасындағы ынтымақтастықты, өзара іс-қимылды жандандыру,110 жылдық аясында «Қазақ» газетінің 264 санының және газет туралы зерттеулердің электронды қорын сайттарға жариялау туралы ортақ шешімге кледі. 

Бүгінгі басқосу құрамына 25 қазақтілді сайт кіретін «Қазақ Медиа Ассоциациясы» өткізіп отырған алғашқы алқалы отырыс. Қауымдастыққа мүше БАҚ алдағы уақытта қазақтілді медиа мәселесін кеңінен қаузауды көздеп отыр. 

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!