Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне кірісті

12:40, 20 наурыз 2019

Алматы. 20 наурыз. 7kun.kz – Парламент Сенатының бұрынғы төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне кірісті. Ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында ант берді.

«Мен Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын қатаң ұстануға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің жоғары міндеттерін адал орындауға ант беремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің конституциялық құқығын іске асыра отырып және тарихи миссиясын толық орындап, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өз еркімен тоқтатқанын атап өтті.

«Бұл жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына ант берген сәттен бастап қызметке кіреді », – деді Мәми.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Берік Имашев Тоқаевқа Президент куәлігін, төс белгісін, штандартты және «Алтын Қыран» Орденін тапсырды

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!