Қанат Бозымбаевтың баласы ауылға мектеп салып берді

16:30, 9 тамыз 2023

Алматы облысындағы Қосқұдық станциясында бірінші рет темір жолдың дабылынан мектептегі алғашқы қоңыраудың дауысы басым шықты. Себебі, Қонаев қаласы Шеңгелді ауылдық округіне қарасты қосқұдықтардың арманы орындалып, ауылдарына жаңа мектеп салынды. 

Білім ордасының ашылуына барған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа мектеп ауылдың дамуына серпін береді деп бағалады. 

«Бұл мекеннің даму потенциалы жоғары. Қасында теміржол стансасы бар, облыс орталығына жақын орналасқан. Жаңа мектепке тұрғындардың дән риза болғанын байқадық. Мектеп — маңызды инфрақұрылымдық нысан. Оның арқасында жас мамандарды, отбасыларды тартып, ауылға жан бітіруге болады. Бұл — елдімекеннің дамуына тың серпін болары да анық», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол Қосқұдықта мектеп салуды қолға алған Дәурен Алдабергенге, «Халық игілігі» қоғамдық қорына алғысын айтты. 

Әкім алғыс айтқан Дәурен Алдаберген облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаевтың баласы. Дәурен Алдаберген достарымен бірігіп, 750 миллион теңгеге 100 орындық мектеп салыпты. Онымен шектелмей мектепке қажетті заманауи оқу құрал жабдықтарын алып берген. Мәселен, жаңа мектепте 24 оқу кабинеті, 2 шеберхана, компьютерлік сынып, 3 арнайы кабинет (физика, химия, биология), 3 интерактивті тақта, акт және спорт залдары, 60 орындық асхана, оқу залы бар кітапхана, медициналық кабинет бар. Мектепте 20 мұғалім қызмет етеді. Қажетке жарар деп жаңа көлік те сыйлады. 

«Бүгін өзім үшін, бала-шағам үшін ерекше күн. Осы уақытқа дейін қаншама мектептің салынуына қатысып, үлес қосып жүрсем де, бүгінгідей толқыған емеспін. Өйткені әкем Алдаберген өскен осы ауылда мына жаңа мектепті  ұлым Дәурен мен оның достары салып беріп, көңілімді көкке көтеріп тұр. Олар «Халық игілігі» қоғамдық қорын құрып, өз күштерімен осы ғимаратты салып шықты» деді Қанат Бозымбаев ел алдында.  

Қосқұдықтағы бұрынғы мектеп 1952 жылы салынған. Ескіріп-тозған соң тұрғындар Қ. Бозымбаевқа әкім кезінде мектеп салып беруге өтініш айтқан. 

«Әкім ретінде осы ауылға келгенімде бірінші жайылым жердің, екінші медициналық пункт пен мектептің мәселесі шықты. Жайылым жерді тұрғындарға қайтартып бергіздік. Медициналық пункт те шешілді. Ал мектепті бюджет есебінен салуға уақыт керек болды. Оның үстіне бюджетте бірінші үлкен ауылдарға басымдық беріледі. Осыны естіген балам қайырымдылық қорын құрып, достарымен бір жылдың ішінде салып берді. Сөйтіп, елге берген уәдемді орындап, мені де, ауыл тұрғындарын да қуантты. Жалпы, Қосқұдық станция ғой, темір жол бойында үнемі жұмыс болады. Сосын, бұл ауылда кірпіш зауыты бар. Жақын арада Қонаев қаласында құрылыс қызу жүре бастайды. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту ғана қалды.   Жаңа мектеппен бұл ауылдың жаңа дәуірі басталады» деді Қанат Алдабергенұлы. Сондай-ақ ол баласының «Халық игілігі» қоғамдық қоры елде бюджет жетпей жатқан мәселелерді шешуге алдағы уақытта да көмектесетініне сенім білдірді. 

Жалпы, Алматы облысында 456 мектеп болса, онда 330 мыңнан астам оқушы білім алады. Облыста үш ауысымды оқу мәселесін жою өзекті мәселенің бірі.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!