Ерлан Қарин: Бұл түркология ғылымына ғана емес, әлемдік ғылымға қосылған тың жаңалық

21:00, 26 тамыз 2022

26 тамыз. Нұр-Сұлтан. 7kun.kz — Жақында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түрік қағандығын қайта дәуірлеткен ұлы Құтлық Елтеріс қағанның кешені табылғаны туралы хабарлаған еді. Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл оқиғаны түркология ғылымына ғана емес, әлемдік ғылымға қосылған тың жаңалық, зор үлес деп бағалады.

«Қазақ ғалымдары Дархан Қыдырәлі, Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаев моңғолиялық әріптестерімен бірлесіп Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуын тапты. «Номгон» бірлескен экспедициясын Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бірлесіп жүргізген болатын.
Мамандар Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасап отыр. Сонымен қатар табылған бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші екенін мәлім етті.
Бұл түркология ғылымына ғана емес, әлемдік ғылымға қосылған тың жаңалық, зор үлес», деп жазды Мемлекеттік кеңесші. 

Сондай-ақ, Дархан Қыдырәлімен хабарласып, қазақ ғалымдарының тарихи табысымен құттықтап, қуанышқа ортақтасқаны туралы да хабарлаған.

«Ол жуық арада баспасөз мәслихатын өткізіп, бітіктастағы жазулардың сырын ашып, жалпы жұртқа жариялайтындарын айтты. Осылайша, отандық ғалымдар көне заманның көмбесін тауып, оны әлемдік айналымға енгізбек», деп атап өткен жазбада.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің бұл бағасы жұртшылық тарапынан қызу қолдауға ие болып, әлеуметтік желі қолданушылары аса маңызды жаңалық екені туралы пікірі білдіруде.

Айта кетейік, Елтеріс қағанға арналған кешен Моңғолияның Архангай аймағы, Номғон жазығында Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген ғылыми археологиялық экспедиция жұмыс­тары жұмыс­тарының нәтижесінде табылды.

Бұған дейін Ұланбаторда өткен баспасөз мәслихатында экспедиция мүшелері кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 м жерді алып жатқанын, батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқанын атап өтті. Сондай-ақ, кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле орналасқан. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталған және кешенде барықтың (та­быну орны) болғанын айғақтайтын қыш жабындылар мен кірпіштер қазылып алынған. Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыры табылған. Оның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында көне соғды жазуы қашалған. Экспедицияға қатысушы ғалымдар ескерткіш мәтінінен «Тәңір» ,
«түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөздерді анықтады. Ғалымдар жазба мәтінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасап отыр. Бұған қоса, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады.


Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!