Еңбек министрі әуе апатынан зардап шеккендерге өтемақы қашан төленетінін айтты

15:24, 30 желтоқсан 2019

Алматы. 30 желтоқсан. 7kun.kz — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Алматы маңында болған әуе апатында қаза болғандардың отбасыларына өтемақы төлеу мерзімі туралы айтты.

«Үкімет 4 млн теңгеден төлеу туралы шешім қабылдады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті қаулы әзірледі, бүгін оған дауыс берді. Қаражат отбасы мүшелерінің жеке шотына аударылады… Қаражат ең қысқа мерзімде жеке шоттарға аударылады», — деді министр.

Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов Bek Air ұшағының апатқа ұшырауы кезінде зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесін жергілікті атқарушы билік шешетінін айтты.

«Зардап шеккендерге төленетін төлемдер бойынша жергілікті билік шешетін болады – Алматы және Алматы облысының әкімдігі, яғни оқиға орны бойынша. Үкімет деңгейінде қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды», – деп атап өтті ол.

Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов зардап шеккендер үшін барлық емдеу тегін болатынын атап өтті.

«Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Соның ішінде барлық қажетті оңалту көмегі міндетті медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі. Біз бұл науқастарды бақылаймыз. Психологтардың көмегі үнемі көрсетіліп тұруы өте маңызды », — деді Елжан Біртанов.

Еске сала кетейік, 27 желтоқсан күні таңертең Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы Bek Air әуекомпаниясының ұшағы сағат 7:05-те ұшқаннан кейін радардан жоғалып кеткені хабарланды.

Кейіннен ұшақтың әуежайдан шыққаннан соң биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды сындырып, екі қабатты ғимаратпен соқтығысып, тұрғын үй секторы аумағында құлағаны белгілі болды.

Ақпаратқа сәйкес, бортта 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған.

ҚР ІІМ ТЖК хабарлауынша, оқиға салдарынан 12 адам қайтыс болып, 49 адам зардап шекті. Олардың тұлғалары анықталды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!