Елімізде ойын-сауық индустриясына сұраныс жоғары

19:47, 20 наурыз 2017

Үдемелі ғана емес, ойын-сауық индустриясынан да көп-көрім пайда табуға болады екен. 2018 жылы осы саладағы әлемдік табыс 2 трлн доллардан асады. Халықаралық аудиторлық компаниялардың бірі осындай болжам жасап отыр.

Әлемдік дағдарыстың салдарына қарамастан, ойын-сауық индустриясына Қазақстанда сұраныс жоғары. Бүгінгі таңда ірі сауда орталықтарында жұмыс істейтін ойын-сауық парктері нарықтың 80 пайыздан астамын иеленген.

Рустам Агеев, ойын-сауық паркінің директоры:

-Себебі бұл екі жаққа да қолайлы. Айталық, сауда орталығына балалар бұрышы қажет. Ал парктерге сауда орталықтарында жұмыс істеген тиімді. Бірқатар мәселе шешіледі. Автотұрақта орындар жеткілікті, ата-аналардың да демалуына жағдай жасалған. 

Нарықтың бұл сегменті маусымдық өзгерістерден қорғалғанымен, белсенділік жазғы каникул, мереке және демалыс күндері жоғары болады. Бұл уақытта ірі демалыс парктері бір ауысымда 10 мыңға дейін адам қабылдай алады. Келушілердің дені – мектеп оқушылары мен балалы отбасылар. Паркке бір кіріп шыққан қазақстандықтар орта есеппен 2 мыңнан 5 мың теңгеге дейін жұмсайды. Мамандар жаңа бағыттардың да дамып келе жатқанын айтады. 

Рустам Агеев, ойын-сауық паркінің директоры:

-Осы орайда екі бағытты атап өтер едім. Мысалы, интерактивті формат қарқынды дамып келеді. Бұл – батут орталықтары, жартастарға өрмелеу, аспалы жолдар. Бұлардың дене шынықтыруға да пайдасы мол. Ал екінші формат ол – ағартушылық. Баланың ой-өрісін дамытатын көптеген орталықтар ашылды. Бүлдіршіндерді кішкентай күннен еңбекке баулитын кәсіптер паркі – соның дәлелі.  

Балалар ойын-сауығының нарығына келсек, сарапшылар: «Биыл 10 пайыз өсім болады», – деп болжап отыр. Бизнестің дамуына жаңа ойын-сауық орталықтарының ашылуы, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де ықпал етеді. Елдің қаржы жүйесін сауықтыру жұмыстары мен бизнесті несиелендіруге арналған жаңа бағдарламалар да бұл саланың өсуіне оң ықпал жасайды.      

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Владимир Бовкис, Ерлан Әбжанов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!