Былтыр ОҚО-ға экономикаға 380 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды

13:02, 19 қаңтар 2017

Өңірдің жалпы әлеуметтік экономикалық дамуы аясында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады. 

Былтыр Оңтүстікте индустриаландыру бағдарламасы бойынша 9,3 млрд теңгені құрайтын 19 жобаны іске қосылды.

«Нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы аталған мемлекеттік бағдарлама басталғалы облысымызда 230 млрд-тан астам теңге жұмсалған 159 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 13 500 жұмыс орны пайда болып, аталған кәсіпорындар 270 млрд-тан астам теңгенің өнімін шығарды», – деді Ербол Әбілхайырұлы.

Өңірде жұмыс істеп тұрған 173800 шағын және орта кәсіпкерлік бар. Олар 325 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Осынша жұмыс күшімен өткен жылдың 9 айындағы өндірілген өнім көлемі 627,6 млрд теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығындағы табыс 445 млрд теңгеге жетті.

2016 жылы негізгі қорға 380 миллиард 600 миллион теңге инвестиция бағытталды. Инвестициялық салымдардың 245 млрд теңгесі шағын кәсіпорындардың үлесінде. 

Оңтүстікте құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр 529,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға артық. 

Тұрғындарды жаңа қоныспен қамту бойынша облыс елімізде Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысынан кейінгі 4-орынды иемденді.

Облыс бюджетінің көлемі 575,8 млрд теңгені құрады.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!