Бірқатар ұлттық компания жеке меншікке сатылады

19:00, 11 мамыр 2017

«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының акциялары «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында саудаға салынады.

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші:

-«Эйр Астана», «ҚазАтомӨнеркәсіп» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары 2019 жылы жекешелендіріледі. Бұл туралы еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Еуропа Қайта құру және даму банкінің Кипрдегі жыл сайынғы кездесуінде мәлімдеді. Үш ірі ұлттық компанияның акциялары IPO арқылы сатылатын болады. Осы уақытқа дейін Қазақстанда 120-дан астам шағын және орта компания жекенің меншігіне өтті. Қазіргі уақытта ірі кәсіпорындарды жекешелендіру қолға алынған.

Мемлекеттік қызметшілердің жалақысына бөлінетін қаржы биыл 20 миллиард теңгеге ұлғайтылады. Нәтижесінде олардың айлық табысы артпақ. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат 2016 жылы 18 пайызға, биыл 1 пайызға өсіп, 1,32 триллион теңгені еңсермек. Оның 1,2 триллионы – еңбекақы, 112 миллиард теңгесі – өтемақы. Қалғаны қосымша төлемдер мен міндеттелген зейнетақы жарнасы болады. Бүгінде елімізде 98 900 мемлекеттік қызметкер тіркелген. Олардың 53 мыңы орталық органдарда, 46 мыңы жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейді.

Ұлттық валютамыз қайта нығаюда. Бүгін Қазақстан қор биржасының күндізгі сессиясында 1 доллар 315 теңге 97 тиынға тең болды. Ал Brent маркалы мұнай 51 доллардан саудалануда. Қара алтын құны өткен апта соңында 5 пайызға арзандап, 46 долларға дейін төмендеген еді. Шикізаттың қайта қымбаттауына АҚШ-тағы мұнай мен жанармай қорының азаюы негіз болды.  «Картель мүшелері қара алтын өндірісін кеміту туралы келісімді ұзартар болса, шикізат құны 55-60 долларға дейін қымбаттауы мүмкін»,- дейді сарапшылар.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!