Байқоңырдан «Egyptsat-A» ғарыш аппаратымен «Союз-2.1б» тасығыш-зымыраны ұшырылды

10:44, 22 ақпан 2019

Алматы. 22 ақпан. 7kun.kz – 2019 жылдың 21 ақпанында Астана уақытымен 21 сағат 47 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағының 31 алаңынан «Egyptsat-A» ғарыш аппаратымен «Союз-2.1б» тасығыш-зымыраны ұшырылды. Ұшырылу штатты режимде өтті, – деп хабарлайды ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

Египттік «Egyptsat-A» Жерді қашықтықтан зондтау спутнигі жоғарғы кеңістіктік рұқсаты бар заманауи оптикалық-электрондық аппаратурамен жабдықталған. Ғарыш аппараты панхроматикалық (қара-ақ) және мультиспектрлік диапазондарда көрінетін және инфрақызыл спектрлерде түсіруді жүргізе алады.   

Ең көп шолу жолағы 1400 километрді құрайды.

«Egyptsat-A» ҒА «С.П. Королев атындағы «Энергия» Ғарыштық-зымырандық корпорациясы» ЖАҚ-мен Египет Араб Республикасы Үкіметінің мүддесінде құрылған. Ұшу сынақтары бағдарламасын орындағаннан кейін спутник Египет тарапына басқаруға берілетін болады.

Спутниктің салмағы бір тоннаға жуық. Ол 500-ден 800 километр биіктіктегі орбитаға шығарылады, онда кемінде 11 жыл жұмыс істеуі тиіс.

Тасығыш-зымыранның ұшу трассасы Байқоңыр ғарыш айлағының солтүстік бағытында, Қазақстан аумағының – Ақтөбе және Қостанай облыстары және Ресейдің Орал өңірі үстінен өтеді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!