«5 адам өлмесе, шығын төленбейді»: Кегендегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетілмей жатыр ма

16:58, 11 шілде 2022

Үш апта бұрын Алматы облысы Кеген ауданы Түменбай ауылында нөсер жаңбырдың салдарынан үйін су басып қалған Бақтияр Рақымжан «әкімдік бізді алдауға көшті» дейді. Жыл сайын қайталатын апаттың алдын алуға жергілікті билік құлықсыз деп отыр. Оның айтуынша, шығынды комиссия мен әкімнің өзі келіп есептеп кетсе де, көмектесуге асықпайды, деп хабарлайды 7kun.kz
Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Осыдан бір жыл бұрын үйімді тура осылай су басқан. Сол кезде бұл табиғи апат деген әкімдікке, жарайды үйдің шығынының бәрін өзім көтеремін дедім. Бірақ бізге жақсылап арық салып беріңіздер, су ары қарай кетуі керек деп келіскенбіз. Сол кезде Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов те, өзге әкімдер де, арнайы комиссия да болды. іЖақсы, тоғандарыңызды салып береміз, қатырамызі деп уәде берген. Кейін кішкентай ғана бір тоған жасай салған. Оны су оп-оңай шайып кететіні көрініп-ақ тұр. Бұл болмайды ғой деп те ескерттік. Былтырғы селден кейін үйімді қайта жөндеп алуыма 4,5 миллион теңге ақша жұмсадым. Енді бәрін аяқтап біткенімде, үш күннен кейін қайта үйімді. қорамды су басты. Енді осы жолғы шығынды Үкіметтің өзі есептеді. Өздері 7 миллион 800 мың теңге шығын болды деп шығарып берді», — дейді Түменбай ауылының тұрғыны Бақтияр Рақымбек.

Қазір үйін қайта жөндетуге 11 миллион теңге жұмсаған Бақтияр Рақымбек жұмыстың 40 пайызын өзі істеп қойған. «Тездетіп қалпына келтірмесем, қыркүйекте от жағуымыз керек, бұл аймақта күн ерте суытады» дейді. Ал сыз үйде тұра алмаған 72 жастағы анасы мен екі баласы туыстарының үйін паналап жүр.

«Әкімдік 3 есік, аурухананың кафелін алып келіп қойды, 10 қап сылаққа қажетті құрылыс материалын әкелді. Болды. Өзім үш есе қымбат материалдарды әкеліп жасатып жатырмын. Негізі, менен басқа көршілерімнің де үйіне, ұрасына су кірген. Оны әкімдіктің өзі де көрді. Көршілер өздері тазалап алды. Бірақ мен сияқты қатты шығын болмады. Апат болған күні өзіміз судың ішінен әрең дегенде 20 минутта шыққанымыз сол еді, төтенше жағдай бөлімшесінің мамадары келді де, бір қағаз берді. Бұл не деп сұрағанымда, «5 адам өлген жоқ, сіздерге көмек болмайды» деп айтып тұр. Ақыры сол кезде ғана шығынды өтейтін болса, онда мен үйімді, отбасымды өртеп жіберейін деп айттым. Сөйтсем, «өзің біл» деп тұр. Айтарға сөзім жоқ. Біздің ауданда қыркүйекте от жағуды бастауымыз керек. Бір ғана ай қалды. Мен Кеген ауданы әкімдігін сотқа беремін. Қажет болса, Ақордаға дейін барамын. Әкімдік соңғы рет 185 мың теңге жинап қойдық деді. Негізі таудан аққан су бұрын үлкен тоғанға келіп құятын. 2018 жылы оның орнына емхана салып тастады. Содан бері қауіп арта түсті. Жаңбыр жауса қорқып отырамыз», — дейді Бақтияр Рақымбек.

Кеген ауданының әкімдігі зардап шеккен тұрғынға көмек келісілгендей көрсетіліп жатыр деді.

«Ол кісіге көмек беріліп жатыр. Керек деген құрылыс материалдарын апарып беріп жатырмыз. Бүгінге кафель деді, кафель апарып бердік. Ертең «леонардо» дейді, арғы күні линолеум дейді. Мысалы, бүгінге газ керек деді. Оны да апарып береміз. Ас үй жиһазы 10 күнде дайын болады. Басында солай келіскенбіз. Бұл көмектің бәрі демеушілер тарапынан болып жатыр. Заң бойынша адам шығыны болмаса көмек көрсетілмейтінін төтенше жағдайлар бөлімшесінің мамандары да айтып түсіндірді. Бұл кісінің көршісінің ұрасына, времянкасына да су кіргені рас. Бірақ судың бәрін сорып шығарып бердік. Былтырғы селден кейін тоған жасалған. Биыл тереңдігі 1,5 метр, ұзындығы 60 метр болатын жерді уақытша қазір қойдық. Арық жасау үшін сметалық құжат дайын. Мақұлданып, ақша бөлінсе, биыл басталып, жыл соңына дейін бітеді. Ол кезде үлкен канал болады», — деді Кеген ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Алмас Сейітқожа.

Айта кетейік, 23 маусым күні 17:40-та қатты жауын-шашын салдарынан Алматы облысының Кеген ауданындағы Түменбай ауылында 1 үйдің іші мен 11 үйдің ауласын су басып қалған еді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!