Алматыдағы автобус жолағы стандартқа сай салынбаған

12:04, 14 қазан 2021

© Сурет: Павел Михеев / zakon.kz

Жуырда Тәтібеков және Халиуллин көшелерімен қозғалған жүргізушілер арнайы жолақ жоғын байқады. Онда қоғамдық көлікке басымдық беретін таңба былтыр пайда болған. Содан бері өзі тар көшемен жүру қияметке айналған. Көлік легі бір жолаққа тізіліп, ұзын-сонар кептеліс болды, деп хабарлайды zakon.kz kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл асфальт жаңартылғанмен арнайы жолақ сызылмай, жүргізушілер әдеттегі режимде қозғала бастады. Қалалық мобильділік басқармасының мамандары мұнда аталған таңбаны сызуға ҚР СТ 1412-2017 "Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану ережелері" стандартына сай тыйым салынатынын хабарлады. Құжатта бір бағытта үш не одан көп жолағы бар көшеге ғана арнайы таңба сызуға болатыны жазылған. Ал аталған екі көше тым тар. Айтпақшы, әкімдікке мұны прокурорлар ескертіпті.

Басқарма мамандары Kolesa.kz редакциясына Қазақстан стандарттау және метрология институтына құжатқа тиісті өзгерту енгізу мақсатында жүгінгенін хабарлады. Егер ұсыныс қабылданса, арнайы жолақ төрт қатарлы көшелерге де сызылады. Институт мамандары мұны растап, қазір стандартқа өзгеріс енгізуге қатысты жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, бірақ оның қашан аяқталатыны белгісіз.

Кейбір деректе ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті бұл жаңалықты жылы қабылдамағаны айтылды. Тәртіп сақшылары тар көшеге жолақ сызу велосипедшілер мен самокат мінгендер қатысатын апаттың көбеюіне ықпал еткенін негізге алып отыр. Ал реформа халықты жолдағы тәртіпке үйрете отырып, кезең-кезеңімен енгізілуі қажет.

Стандартқа енуі тиіс түзетулер мақұлдана ма, жоқ па, әлі белгісіз. Әзірше төрт жолақты көшелердегі арнайы таңбалар заңға томпақ келіп тұр.

Сонда Алматыда 2017 жылы іске қосылған BRT жайы не болмақ деген сұрақ туындайды. Ол қамтитын Тимирязев, Мұстафин, Рысқұлбеков және Сүлейменов көшелері төрт жолақты. Мұндағы кептеліске билік бас ауыртпағанымен, мемлекеттік стандарттың бұзылуы оларды толғантпай ма?

Қалалық мобильділік басқармасы мегаполистегі BRT тәжірибе ретінде, бірнеше ведомствоның мақұлдаған арнайы жоба бойынша салынғанын айтады. Бірақ заң мен стандарт содан бері еш өзгермеді. "Жол жүрісі туралы" заңда BRT деген түсінік те жоқ.

Стандарттың 4.8-тармағында тәжірибелік мақсатта жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын қолдануға рұқсат беріледі. Алайда тәжірибе тым ұзаққа созылып кеткен жоқ па?


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!