Эстонияда көпқабатты үйлерде паналау орындарын салуға 2 миллион еуро бөлінбек

12:52, 3 қараша 2025

© Сурет: pixabay

Эстонияның Ішкі істер министрлігі күтпеген жағдайлар кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көпқабатты үйлерде арнайы паналау орындарын салуға мемлекеттік бюджеттен 2 миллион еуро бөлуді ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ресми үкімет порталында жарияланған баспасөз хабарламасында айтылған. Министрлік өкілдерінің пікірінше, көппәтерлі үйлерде жеке паналау орындарының болуы қоғамда "қауіпсіздік сезімін" арттырып қана қоймай, соғыс немесе төтенше жағдай кезінде азаматтардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Қаражат жеке тұрғын үйлер мен қойма ғимараттарындағы ескі баспаналарды қайта жабдықтауға бағытталады. Дегенмен барлық нысан толыққанды әскери баспана ретінде жабдықталмайды. Сондай-ақ қаржы құрылыс, жөндеу, жобалау, кеңес беру және жаңа нысандарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалады. Әрбір үйге шамамен 35 мың еуроға дейін бөлінуі мүмкін. Бұл ұсыныс қазіргі таңда бекітілу кезеңінде тұр.

Қыркүйек айының соңында ел президенті Алар Карис 662 SE заңына қол қойған болатын. Ол заңда ғимараттарға қойылатын жаңа талаптар мен эвакуацияны ұйымдастыру ережелері қарастырылған. Атап айтқанда, ірі және халық көп жиналатын ғимараттарда арнайы бомбаға қарсы паналау орындарын жабдықтау міндеттелген.

 
"Әрбір адамға кемінде 0,75 шаршы метр паналау аумағы қарастырылуы тиіс. Сондай-ақ ондай орындарда электр генераторы, су және кәріз жүйесіне қосылу мүмкіндігі болуы қажет", – делінген үкімет хабарламасында.

Азаматтық қорғаныс департаментіне эвакуацияны ұйымдастыру бойынша ерекше өкілеттіктер берілді. Елдегі барлық мемлекеттік қызметкерлер азаматтарды қорғау бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Төтенше жағдай немесе соғыс кезінде олар өмірлік маңызды қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге міндетті болады.

Бұған дейін Мексикада Өлілер күні мерекесінде қала әкімі оққа ұшқанын жазған болатынбыз.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!