Давостағы дүниежүзілік экономикалық форум бүгін де жалғасты

20:26, 19 қаңтар 2017

90 елдің сарапшылары бас қосқан сессияларда талқыға тасталған тақырып көп. Әсіресе АҚШ-тың жаңадан сайланған Президенті мен «Брексит» төңірегіндегі пікірталастар қызу. 

Бүгін форум алаңында «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының атсалысуымен дебат өтті.

Форумның алғашқы күнінен бастап Дональд Трамп пен «Брексит» ең көп талқыланған тақырыпқа айналды. 

АҚШ-тың жаңа сайланған Президенті Давоста төбе көрсеткен жоқ. Ертең су жаңа Президенттің иноугурациясы өтеді. Дегенмен, оның кеңесшісі сөз сөйлеп, Ақ үйдің ұстанымдарын жеткізді. 

Энтони Скарамуччи, Дональд Трамптың кеңесшісі

-АҚШ пен жаңа әкімшілік сауда соғысын қаламайды. Біз еркін әрі адал сауданы көргіміз келеді. Әсіресе Вашингтон Қытаймен күшті екіжақты қатынасты қалайды. 

Вашингтон сауда-саттықты күшейтуге ұмтылса, Лондон Еуроодақтан шығуға құштар. 

Бүгін форумда Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй сөз сөйлейді. Трансұлттық компаниялар мен миллиардерлер Британияның болашағынан гөрі, бизнесіне алаңдаулы.  

Филип Хэммонд, Ұлыбританияның Қаржы министрі

-Біз Еуропалық Одақпен еркін сауда аймағы жөнінде көпжақты келісім жасағымыз келеді. Осылайша сауда, қызмет көрсету мен бизнес іркілмей жұмыс істей беруші еді. Жақын арада еуропалық әріптестермен келіссөздерге кірісеміз. Біздің қатынастарымыздың қалай өрбитінін содан кейін бірақ айтуға болады. 

Давоста жаһанның энергетикалық болашағы да сөз болды. CNBC халықаралық телеарнасы «ЭКСПО-2017»-мен бірге дебат ұйымдастырды. 

Қазір баламалы энергия көздерін дамытуға инвестиция көптеп құйылуда. Пікір-талас кезінде жаңа энергетиканы енгізуде кездесетін қиындықтар айтылды. 

Ербол Шорманов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары

-Алдымен бізге халықаралық диалогты күшейту керек. Адамзат алдында жаңа қатерлер пайда болып жатыр. Оларға төтеп берудің амалын табуымыз қажет. Ал біз көрмеміз арқылы дәстүрлі энергия көздеріне қолжетімділіктің аз екенін аңғартқымыз келеді. Көптеген елдер бұған да қол жекізе алмай отыр. 

Давос форумы ертең аяқталады. Оған 3 мың сарапшы қатысып жатыр. 

Авторы: Мұхтар Ыбырайым

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!