Британия полициясы Лондондағы терактіге қатысы болуы мүмкін деген күдіктілерді тұтқындады

19:58, 23 наурыз 2017

Сондай-ақ лаңкестік әрекетке қатысты кейбір мәліметтер белгілі болды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

-Брюссельдегі лаңкестік оқиғадан кейін 1 жыл және Лондон метросындағы жарылыстан кейін 10 жыл өткен соң қайғылы жағдай тағы қайталанды. Әлі шиеленісіп тұр. Лондон көшелерінде полицейлердің қарасы көп, Вестминстер сарайы маңындағы жолдар жабылған. Қала тұрғындарында үрей мен қорқыныш басым. Олардың бірқатарымен кеше сұхбаттасқан болатынбыз. 

Шарлот Тонги, Лондон тұрғыны:

-Бойымды қорқыныш сезімі билейді. Мұндай оқиғалар көптеген елде болып жатыр. Біз алдағы секундтарда не болатынын білмейміз.

Абу Сауд, Лондон тұрғыны:

-Мен өте уайымдап тұрмын. Өйткені бейкүнә халықтың өмірі әлі де қыл үстінде. Біздің полиция мүмкіндігінше әрекет етіп, әлі де жағдайымызды жасап жатыр деп сенемін.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

-Сарапшылар болса, Лондондағы шабуылды таң қаларлық жағдай деп есептемейді. Атабаска университетінің профессоры біздің арнаға берген сұхбатында мұндай лаңкестік әрекеттен қашып құтылу мүмкін еместігін алға тартты.

Норман Темпл, Атабаска университетінің профессоры:

-Бүгінгі оқиғаны алдын ала болжауға болар еді. Біз мұндайға әрдайым дайын болуымыз қажет. Мұндай жағдайлар Еуропада жиі болып тұрады. Әр 3-4 ай сайын, біресе Парижде, біресе Брюссельде. Біз мұның қашан, қайда болатынын білмейміз. Бұл – бүгінгі күннің шындығы.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

-Полиция әзірге лаңкестің есімін жария етіп жатқан жоқ. Өткен түнде полиция Бирмингемде операция жүргізді. Өйткені тәртіп сақшылары лаңкестің теракті жасауға қолданған көлікті осы шаһардан жалға алғанын анықтаған. Алдын ала мәліметке қарағанда полиция үш адамды тұтқындаған. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. ҚР-ның Ұлыбританиядағы елшілігі хабарлағандай, зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Лондонда уақытша тұрып жатқан отандастарымыздан дипломаттар қаланың орталық аудандарынан аулақ жүруді сұрады.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!