Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанғаннан кейін мәлімдеме жасады

09:26, 10 қыркүйек 2026
MKZ: 1566068

© Сурет: Instagram/lenarybakina

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылғы 10 қыркүйекте ол Instagram парақшасында жеңісіне арналған жазба жариялады.

"Сенсеңіз, бәрі де мүмкін! Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, еліміздің теннис тарихында әлемнің бірінші ракеткасы атанған алғашқы спортшы болғанымды мақтан тұтамын", – деп жазды Елена Рыбакина.

Бұған дейін теннисші US Open турнирінің ширек финалында қытайлық Чжэн Циньвэньді жеңгеннен кейін өткен баспасөз мәслихатында тарихи жетістігі туралы айтқан еді.

"Бұл – тарихи жетістік. Қазақстанның атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын. Елге оралған сайын, қай қалаға барсам да, көптеген баланы көремін. Қазір олардың арасында тенниспен айналысатындар көбейіп, кортқа келетін балалардың қатары артып келеді. Өзіңнен үлгі алатын осыншама жасты көру – керемет сезім. Бұл өзіңе сеніп, аянбай еңбек етсең, бәрі де мүмкін екенін дәлелдейді. Қазір не айтарымды да білмеймін, өйткені телефонымды әлі қарап үлгермедім. Әрине, көпшілік мені құттықтайтынына сенімдімін. Қазір Қазақстанда емеспін. Алайда елге барған кезде барша жанкүйерге алғысымды білдіргім келеді. Қазақстанға оралу – әрдайым ерекше сезім. Өкінішке қарай, елге жиі бара алмаймын. Дегенмен бұл – Қазақстан үшін үлкен жетістік", – деді Рыбакина.

2026 жылғы 9 қыркүйекте Елена Рыбакинаның WTA әлемдік рейтингінде көш бастайтыны белгілі болды. Ол Қазақстан тарихында әлемнің бірінші ракеткасы атанған алғашқы теннисші болды.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны құттықтады.

"Сіз Қазақстан спортының даңқын асқақтатып, әлемдік теннис жылнамасына есіміңізді жаздыңыз", – деді Президент.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!