Қарым қатынастың қаймағын бұзбай сақтау үшін...
Қыз бен жігіт алғаш кездесе бастаған шақта бәрі жақсы, бәрі тәтті. Әр кездесуге ең алғаш рет барайын деп тұрғандай сезіммен қобалжып дайындаламыз. Уақыт өте келе қолда барды бағаламай жатамыз. Сыйлық беру, мадақ сөздер айту, бір күн көрмесең сағыну азая бастайды. Өз еркіңнен де ажырай бересің, қадам басқан сайын рұқсат сұрап, ескертіп отыруың керек. Содан соң күнде біреуге ғашық болып көзі жайнап келетін, өз еркі өзінде тәуелсіз жүрген, болашағынан үміті зор басы бос адамдарға қызыға да қызғана қараймыз.
Жұбың жиі хабарласпайтынын, жиі келмейтінін, алғашқы кездегіге қарағанда өзгеріп кеткенін сылтауратып, бүлік шығара бастаймыз. Арамыз ажырап кеткен соң көксеген еркіндікке жеткендей болып, білгенімізше қыдырамыз, ойнаймыз, күлеміз. Бірақ бірдеңе жетіспей тұрғандай болады.
Құшақтар айқаса отырып күнді қалай өткізгеніңді, бірге өткерген уақыттарды, бюджетті, эмоцияны сөз ететін кезді аңсайсың. Ең сенімді қорғаныңдай болған кеудеге басыңды төсей отырып болашаққа бірге жоспар құратын, жетістіктерге бірге қуанатын сәттерді сағынасың. Амалын тауып қайта татуласасың. Бірақ бұрынғыдай ернің дірілдеп, жүрегің жиі соғып, қолың қалтырайтын қобалжу болмайды. Оны қайтару қажет. Өзіңді де, серігіңді де дайындап, қолайлы шақты қалт жібермеу керек. Бұл бастапқыдағы күндерден әлдеқайда қиын. Бірақ қолдан келмейтін іс те емес.
Қарым қатынас ұзаққа созылған сайын жазылатын хаттар да, кездесулер де, сыйлықтар да астын сызып отыру үшін ғана атқарылатын міндетті шаруадай шаршатып жіберуі мүмкін. Сондықтан алғаш кездесе бастаған шақтағыға қарағанда көбірек күш жұмсау керек. Ол үшін басқа «қызықты» да идеал серіктес іздеп, артығын табамын деп әуреленудің қажеті жоқ.
Қарым қатынастағы бал шырын шақты бастапқыдай тәтті күйінде сақтап қалудың арнайы ережесі, рецебі, айласы жоқ. Әркімде өзіне тән қайталанбас, көшірілмес әдістер болады. Тек бір ғана маңызды шарты: серігіңіз де, сіз де барлығын махаббатпен орындау. Мақтасаңыз да, ас әзірлесеңіз де, тарту жасасаңыз да, тіпті ыдыс жуғанда да, жағымсыз жаңалық айтып, ескерту жасасаңыз да – бәрі-бәрін сезіммен істеңіз. Сонда әлемдегі ең жақсы жан жаныңызда жүргенін ешқашан ұмытпайсыз.
Дереккөз: massaget.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!