Жылқы етіне сұраныс артты: қазақстандықтардың таңдауы өзгеріп жатыр
© Фото: Zakon.kz
2025 жылы Қазақстанда жылқы етін тұтыну соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бір адамға шаққанда орташа көрсеткіш 7,63 кг-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артқан, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жылқы етіне сұраныстың негізгі өсімі жыл соңына сәйкес келді. IV тоқсанда бір қазақстандық орта есеппен 2,35 кг жылқы етін тұтынған. Бұл – бақылау кезеңіндегі ең жоғары тоқсандық көрсеткіш. Жылдық өсім 10,7%-ды құрады.
Сарапшылардың айтуынша, жылқы етіне сұраныс дәстүрлі түрде суық мезгілдерде – жылдың басы мен соңында артады. Әсіресе қазан-желтоқсан айларында ең жоғары деңгей байқалады.
Жалпы ет тұтыну көлемі де рекордтық деңгейге жетіп, бір адамға 84,4 кг-ды құрады. Алайда өсім қарқыны айтарлықтай төмен – небәрі 1,9%. Бұл көрсеткіш жылқы етімен салыстырғанда әлдеқайда баяу.
Осы өзгерістер аясында қазақстандықтардың тамақтану құрылымы да өзгере бастады. 2025 жылы жылқы етінің үлесі 9%-ға жетіп, тарихи максимумды көрсетті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 0,5 пайыздық тармаққа өсті.
Ал басқа ет түрлерінің үлесі төмендеген:
- сиыр еті – 30%-ға дейін азайып (-0,9 п.т.);
- қой еті – 6%-ға дейін (-0,4 п.т.);
- шошқа еті – 3,8%-ға дейін (-0,2 п.т.).
Сонымен қатар, құс еті керісінше аздап өсім көрсетіп, 6,6%-ға жетті (+0,1 п.т.).
Сарапшылар мұны инфляция жағдайында халықтың қолжетімді әрі дәстүрлі өнімдерге бет бұруымен байланыстырады.
2025 жылы ет түрлері бойынша баға өсімі әртүрлі болды:
- сиыр еті – 32,1%-ға қымбаттады;
- қой еті – 28,8%-ға өсті;
- жылқы еті – 17,3%-ға;
- құс еті – 10,7%-ға көтерілді.
Осылайша, сиыр мен қой еті бағасының күрт өсуі аясында жылқы еті мен құс еті салыстырмалы түрде қолжетімді болып қалды. Нәтижесінде тұтынушылар арзандау балама ретінде жылқы етіне көбірек көңіл бөле бастаған.
Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылғы өзгерістер дәл осы баға айырмашылығымен тікелей байланысты.
Сонымен қатар, ел ішінде өндіріс көлемі де артқан. Алдын ала деректер бойынша, 2025 жылдың 11 айында Қазақстанда 146,8 мың тонна жылқы еті өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға көп. Ал жылқы саны 10,8%-ға өсіп, 3,8 млн басқа жеткен.
Халықаралық нарықта да Қазақстанның орны ерекше. Tradewheel.com дерегінше, ел жылқы етін өндіру бойынша әлемде екінші орында (19–21%). Бірінші орында – Қытай (24–28%). Одан кейін Моңғолия, Мексика және Ресей орналасқан.
Ал импорттаушы елдердің ішінде көш бастап тұрған – Италия. Ол әлемдік импорттың шамамен 33%-ын сатып алады. Сонымен қатар, Қытай, Бельгия және Жапония да негізгі сатып алушылар қатарында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жылқы етін мектеп оқушыларының ас мәзіріне енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:56, 26 наурыз 2026
Алматы Наурызды рекордтармен, цифрлық киіз үйлермен және жаңа форматтағы қалалық кеңістіктермен атап өтті
-
16:43, 26 наурыз 2026
«Тауарларға арналған декларация» функционалы ҚР МКК тарапынан кезең-кезеңімен іске қосылады
-
16:32, 26 наурыз 2026
Қазақстанда алимент төлеушілердің нақты кірістері анықталатын болады
-
16:24, 26 наурыз 2026
Жаңа турникеттер Алматы метросының жұмысын баяулатты
-
16:12, 26 наурыз 2026
Түнгі бақылау нәтижесі: Талдықорғанда бірқатар құқық бұзушылықтың жолы кесілді





