Президент паралимпиададағы жеңісте бапкерлер мен мамандардың рөлін атап өтті

12:31, 26 наурыз 2026

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовтың жетістігіне бапкерлердің, демеушілердің, дәрігерлердің және параспортшылармен жұмыс істейтін барлық мамандардың қосқан үлесі ерекше екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовтың жетістікке жету жолында оның бапкерлері айрықша рөл атқарғанына назар аударды.

"Сіздер Ерболға білім мен тәжірибелеріңізді үйретіп, оның чемпиондыққа тән табандылық пен биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін қалыптастырдыңыздар. Олимпиада тарихына есімі енген спортшы болуына күш салдыңыздар. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын. Сонымен қатар, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды білдіремін", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев атлеттердің жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі болатынын, асқақ мұратқа жету үшін көптен-көп қиындықтарды еңсеру қажет екенін айтты. Әлем біріншіліктерінде жеңіп алған әр медаль еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына серпін беретінін атап өтті.


"Паралимпиадашылардың жетістігі тіптен ерекше. Олардың өмірі – ерліктің, қайтпас қайсарлық пен мықты ерік-жігердің нақты үлгісі", – деді Президент.

Бұл марапат рәсімі параспортшылардың еңбегін дәріптеп, еліміздің спорт саласындағы табыстарын одан әрі қолдауға бағытталғанын көрсетеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!