Жүк тасымалдау және рұқсат беру тәртібіне өзгерістер енгізілді
© Фото: unsplash
Көлік министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 4 мамырдағы бұйрығымен автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидаларына толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, қағидаларға техникалық тұрғыдан рұқсат етілген ең жоғары массасы 12 тоннадан асатын автокөлік құралдарының иелері автоматтандырылған өлшеу станцияларының әрекет ету аймағынан өткен кезде мұндай автокөлік құралының нақты салмақтық және габариттік параметрлерін автоматтандырылған өлшеу станциясында өлшеуді қамтамасыз етуге міндетті екені туралы тармақ қосылды.
Автокөлік құралдарының иелері ретінде: автокөлік құралдарының меншік иелері; автокөлік құралдарын шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығымен иеленетін тұлғалар; сондай-ақ автокөлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға берілген тұлғалар танылады. Бұл ретте экипажымен бірге жалға беру шарты бойынша берілген жағдайлар бұған кірмейді. Егер автокөлік құралы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық тасымалдауды жүзеге асырса, онда көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтанушылар иелер болып танылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына да өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, сұрау салуды ақпараттық жүйе (АЖ) мына жағдайларда қарайтыны нақтыланды:
- егер көрсетілетін қызметті алушы соңғы үш ай ішінде Қағидалардың 28-тармағының бірінші бөлігінде және 29-тармағында белгіленген талаптарды үш реттен артық бұзуға жол бермесе;
- егер көрсетілетін қызметті алушы соңғы 12 ай ішінде Қағидалардың 27-тармағының бірінші абзацында белгіленген талаптарды сақтамау фактілеріне жол бермесе.
Сонымен бірге, басқа отандық тасымалдаушы пайдаланған шетелдік рұқсат қолданылған автокөлік құралына, сондай-ақ шетелдік рұқсатты басқа отандық тасымалдаушыға берген қызмет алушының автокөлік құралдарына шетелдік рұқсат алуға арналған сұрау салу АЖ арқылы қабылданбайды.
Осы тармақтың 3 және 5-тармақшаларындағы талаптар жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды алуға қолданылмайды.
Электрондық форматтағы шетелдік рұқсаттар куәлік пен рұқсат карточкасының түріне қарамастан беріледі.
Автокөлік құралдарын есепке алу, сондай-ақ Қағидалар талаптарының бұзылуын тіркеу автокөлік құралдарының сәйкестендіру нөмірі (VIN) бойынша ақпараттық жүйеде жүргізіледі.
Қағидалар жаңа тармақпен толықтырылды. Оған сәйкес, Қағидалардың 17-тармағының 6 және 10-тармақшаларында көрсетілген мерзімдерді есептеу кері тәртіппен жүргізіледі. Мерзім сұрау салу келіп түскен күннен басталып, соңғы айдың сәйкес күні аяқталады. Егер соңғы айда мұндай күн болмаса, мерзім сол айдың соңғы күні аяқталады.
Сондай-ақ екі қосымша өтінімге дейін беруге және олар бойынша жиынтығында төрттен аспайтын жүк тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат алуға жол берілетіні айтылған.
Отандық тасымалдаушының шетелдік рұқсат бланкілерін басқа отандық тасымалдаушыға беруіне, сондай-ақ басқа отандық тасымалдаушының шетелдік рұқсат бланкілерін пайдалануына жол берілмейтіні көрсетілген.
Отандық тасымалдаушының өзіне берілген рұқсат карточкасында көрсетілмеген автокөлік құралдарына (тіркемелер мен жартылай тіркемелерді қоспағанда) шетелдік рұқсаттарды пайдалануына, айдап әкетілетін автокөлік құралдарын қоспағанда, жол берілмейді.
Осы тармақтың талаптары бұзылған жағдайда, ақпараттық жүйеде шетелдік рұқсаттар басқа тасымалдаушыға берілген ретінде есепке алынады.
Шетелдік рұқсаттар рәсімделген автокөлік құралының Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында орналасқан автомобиль өткізу бекеттері арқылы ел аумағынан шығу мерзімі, Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу бекеттерін қоспағанда, мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі туралы хабарлама пайдаланушының жеке кабинетіне жіберілген күннен бастап 50 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Бұл талап: республика аумағынан тыс жерде жүрген және пайдалану мерзімі өтіп кеткен шетелдік рұқсаттары бар автокөлік құралдарына; сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі туралы хабарлама жіберілгенге дейін 10 күнтізбелік күн бұрын Қазақстан аумағынан шығып кеткен автокөлік құралдарына қолданылмайды.
Көрсетілетін қызметті алушы пайдаланылған шетелдік рұқсаттарды – жолаушыларды, багажды және жүктерді тұрақты емес тасымалдауға арналған рұқсаттарды – олар берілген жер бойынша қызмет көрсетушіге қағаз түрінде қайтаруға міндетті. Қайтару мерзімі – шетелдік рұқсат рәсімделген автокөлік құралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері арқылы елге кірген сәттен бастап 60 күнтізбелік күннен кешіктірілмеуі тиіс. Бұл талап Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу бекеттеріне қолданылмайды.
Электрондық рұқсаттарды қоспағанда, шетелдік рұқсаттар қызмет алушы тарапынан қызмет көрсетушіге қайтарылады.
Қайтарылған шетелдік рұқсаттар аумақтық органдарға ай сайын 5-күнінен кешіктірілмей уәкілетті органға беріледі және олардың қолданылу мерзімі аяқталған сәттен бастап бір жыл бойы сақталады.
Сонымен қатар, мемлекеттік кірістердің аумақтық органдары ай сайын 3-күнінен кешіктірмей аумақтық органдарға Қазақстан аумағы арқылы шетелдік автокөлік құралдарының жүріп өтуі туралы есепті және шетелдік автокөлік құралдарының республика аумағы арқылы жүргені үшін алым төленгенін растайтын түбіртектер қоса берілген жүкқұжаттардың көшірмелерін ұсынады.
Бұйрық 2026 жылғы 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:50, 14 мамыр 2026
Қазақстан Газиантепте жер сілкінісінен зардап шеккендерге арнап мектеп салды
-
17:46, 14 мамыр 2026
Түркиямен агросаудаға арналған жол картасы қабылданады – Президент
-
17:39, 14 мамыр 2026
Тоқаев: Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір
-
17:34, 14 мамыр 2026
Астана әуежайында жолаушыларға арналған маңызды аймақ уақытша жабылды
-
17:23, 14 мамыр 2026
Тоқаев Ердоғанмен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді





