Жол белгісі дұрыс қойылмай, бір отбасы апатқа ұшырады

14:47, 5 сәуір 2021

© Сурет: видеодан кадр

Елорда тұрғыны жолға жауапты мамандардың салғырттығынан жол апатына ұшырап, бір өлімнен аман қалыпты. Бірақ, отбасы мүшелерінің барлығы жарақат алып, әйелі төсек тартып жатыр екен. Енді, тәртіп сақшылары кінәлілерді іздеп жатқанда, жарақат алған отағасы дәрі алу үшін жұмыс істеуге мәжбүр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Осы бір сұмдық оқиға жайлы сөз бола қалса Назгүл Оразалинованың көзіне еріксіз жас келеді. Ол өткен жылдың 16 тамызында отбасымен Алматыдан үйлеріне қайтып келе жатып, жол апатына ұшыраған. Бүгінде келіншектің 12 қабырғасы мен жамбасы сынып, жарымжан болып қалыпты.

Назгүл Оразалинова, зардап шегуші:

Ол оқиғаны еске алудың өзі қорқынышты. Апат болған сәтте есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам балаларым жылап жатыр. Біреудің қателігінен осындай жағдайға түсіп отырмыз. Егер, біз кінәлі болсақ түсінер едім. Енді, міне біреудің көмегінсіз жүріп-тұруым қиын. Жамбас сүйегім сынып, майдаланып кеткен, - деді дәрігерлер. Қызметіне салғырт қараған адамдар жауапсыз қалады ма деп қорқамын.

Апат кезінде көлікте 6 адам болған. Қатты қорқып қалған отбасының кенжесі біраз уақытқа дейін сөйлемей қойыпты. Ал, көлік тізгініндегі отағасының ішегі үзіліп кеткен.

Қайрат Кенжеғозинов, зардап шегуші:

Біз отбасымызбен Алматыдан келе жатыр едік. Қарағандыға 10 шақырым жетпей Соқыр деген өзен маңында жөндеу жұмыстары басталған екен. Бірақ, орнатылған белгіде жолдың оң жақ бөлігі жабық деп көрсетіліп тұр. Мен сол белгіге сәйкес, трассаның сол жағына бұрылып, сайға түсіп кеттім. Қараңғыда бетонға соғылдым.

Көлік салонында қысылып қалған жүргізуші бар күшін жинап, Қарағандыдағы ағасына хабарласқан. 20 минуттың ішінде көмекке келген ол, бауырының өтініші бойынша айналадағы жол белгілерін тексеріп шығыпты. Сол уақытта полицейлермен бірге қабаттасып келген участокке жауапты мамандар, жоқ белгілерді асығыс орната бастаған.

Марат Кенжеғозинов, зардап шеккен Қайрат Кенжеғозиновтің ағасы:

Енді, ақтық шешімді сот шығарады. Бірақ, бұл жерде жолға жауапты мамандардың да кінәсі бар деп ойлаймын. Мен өз көзіммен көрдім, жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығы жайлы белгіні дұрыс орнатпаған. Бір адамның салғырттығынан бір отбасы қырылып қала жаздады.

Оқыс оқиға 7 айдан бері тергеліп жатыр. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Тәртіп сақшыларынан да апаттың мән-жайын сұрағанымызда, түрлі сылтау айтып жауап беруден бас тартты. Қазір, екі бірдей адам мүгедек болып қалған отбасының тапқан табысы тек дәрі-дәрмекке кетеді екен. Ал, жол белгілеріне жауапты компания өкілдері өз кінәсін мойындамай отыр.

Қайрат Жиналиев, мердігер компанияның заңгері:

Апаттан зардап шеккен отбасы, егер өтемақы алғысы келсе компанияға ресми жүгінсін, немесе хат жазсын. Қандай да бір ұсыныс болса келіссөзге ашықпыз, тыңдауға да дайынбыз. Бірақ, бұл оқиғаға біз кінәліміз деп айта алмаймын. Енді, тергеу қорытындысын күтуден басқа амал жоқ.

Аталған учаскедегі жөндеу жұмыстарына "Қазавтожол" тапсырыс берген көрінеді. Компания өкілдері мердігер ұйым жол белгілерін қоюға міндетті екенін мәлімдеді.

Сырым Хамзин, "Қазавтожол" ҰК" АҚ Қарағанды облыстық филиалы басшысының орынбасары:

Мердігер компания ұйымы барлық қойылған уақытша жол белгілеріне жолдың жағдайына барлық мәселесіне келісім-шартқа сәйкес жауап береді. Мердігер компанияның шарасыздығынан жол көлік апаты орын алса мердігер компания бұл шығындарды өтеуі тиіс.

Сондай-ақ, ақылы трассаларға жауапты компания алдағы уақытта жол белгілерінің тұсына қосымша қоршау орнатуға уәде берді. Арнайы құрылғы апат болған жағдайда соққынының күшін азайтып, қаншама адамды аман алып қалуға мүмкіндік береді-мыс. Ал, сол бір сұмдық оқиғадан тірі қалған Кенжеғозиновтар отбасы, өз денсаулықтарын түзеу үшін күресуді одан әрі жалғастырмақ.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!