Жарнамалардың қазақша аудармасы жаға ұстатады

12:50, 3 тамыз 2020

Орыс тілінде дұп-дұрыс, бірақ қазақшасы қисық-қисық жарнамалар біздегі тіл туралы заңның осалдығын бетімізге басып тұрғандай. "Мужские дубленки" дегенді "аталық тондар" деп аударып жүргендердің әрекеті жазасыз қалып жатқан соң, басқасы басынбай қайтсін?!

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Сақау жарнама һәм сауатсыз аударма. "Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының" кері дерсің. Жауыр болған тақырыптан қорытынды шықса кәне? Жоқ. Кей пысықайлар қазақ тілінің қадірін қашырып, келеке қылуды доғарар емес.

Осыған дейін желіде жарияланған мына аудармаларды көріп, қазақ тілінің ең бай әрі көрнекті екеніне күмәнмен қарайсың. Жазушы әрі аудармашы Камал Әлпейісова мұндай масқараның неше атасын көрдім дейді.

Камал Әлпейісова, филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы:

"Пресс для чеснока" дегенді "баспасөз үшін сарымсақ деп жазып қойыпты. "Кот-д'Ивуар" деген қаланың атын "мысық д'Ивуар" деп аударып қойыпты. Соған ұялмайды. Мінекей, мына жерде де, үшінші қазақстандық ғарышкер ұшты дейді. Былай қарап тұрсаң қате жоқ сияқты. Орны ауысып кеткен.

Камал апай, мен осы жерден күнде өтемін. Мына сөз көзіме оттай басылады. "Сіз жаңаға ашықсыз" дейді. Меніңше, бұл тікелей аударма секілді. Солай ма?

Камал Әлпейісова, филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы:

Ойың дұрыс, өйткен себебі – орыс тілінен "открыты" дегенді тура аударған. Калька, есіктің ашылғаны секілді. Адамның мінезі ашық болуы мүмкін, аспан ашық болуы мүмкін. Мысалы жаңаны жатырқамайсың ба деген сияқты. Онда бізге келіңіз. Міндетті түрде мынаны аудау керек емес.

Tursinbek Kabatov Resmi:

"Қазақтың тілі әлем бойынша ең керемет тіл болып аталған. Ғалымдар айтқан. Өйткені біздің тілдің кереметтілігі соншалық, кейбір қазақтардың өзі сөйлей алмай жүр өз тілінде".

Мемлекеттік тіл туралы заңды пысқырмайтын тағы бір мысал. Халық жиі қолданатын, яғни әуе, пойыз билеттерін сататын сайттың қазақшасына тіптен қарның ашады.

Әуелі әріп қатесі. Одан кейінгі сложный маршрут тіркесін "қиын маршрут" деп емес, "күрделі бағыттар" деп тігісін жатқызуға болады. "Атақты бағыттар" дегені де көзге тұрпайы көрінеді. Мысалы, "сұранысқа ие бағыттар" деп жұмсартуға ұйқасып-ақ тұр.


Оғыз Доған, филология ғылымдарының докторы:

"Аямай айыппұлды салып, тіл туралы заңның ережелерін бұзатын, көрнекі ақпараттың қазақшасын қоймайтын кәсіпорындарға. Және қойса да қате-қате аударып. Тіл деген мемлекеттің, елдің ең басты құндылығы болғаннан кейін адам құсап мәдениетті түрде айтудан түсінбесе, заң күшімен шешуге болады. Талап ету әрбір азаматтың борышы деп есептеймін".

Біздегі "азаматтық борыш" ұғымы көбіне осындай қателерді әлеуметтік желіге жүктеп, сөзбен сыбап-сыбап алумен шектеледі. Тіл туралы заңның орындалуын қадағалайтын білдей бір басқарма ай қарап отыр ма деген ойға қаласың. Өрескел қателердің өріп жүргенін олар да жасырмайды.


Айгүл Иманғали, қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы маманы:

Орыс тіліндегі мәтіндер қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылып, мағына бұзылып орналастыратын жарнамалар да кездеседі. Сондай кезде біз кәсіп иелеріне тілдік норма талаптарын жан-жақты түсіндіреміз. Және жарнаманы орналастырмастан бұрын тексертулерін, және осындай қызметтерді тегін ұсынатынын айтып өтеміз".

Иә, басқарманың ең қатал деген жазасы осы. Кәсіпкерлер көбіне кәсіби аудармашыларға ақшасын қимайды. Яғни өзге тілді сықитып қойып, қазақшаға келгенде қолдарының тарылып қалатыны бар. Алайда ақысыз қызмет ұсынып тұрса да, өзінің шимай-шатпақ аудармасын құп көреді олар.

Оғыз Доған, филология ғылымдарының докторы:

"Бір ағылшын турист келсе, жапон турист келсе, неміс турист келсе, ол не деп ойлайды ойласаңыздаршы. Бұл кімнің мемлекеті деп ойлайды?".

Ал бұл сұрақ әзірге ешкімді алаңдатпайтын тәрізді. Тіл жанашырлары мәселені тек айыппұл мен қатал заң арқылы ғана шешуге болады дейді. Иә, тәуелсіздіктің 30 жылын артқа тастасақ та, біздің деңгей "Мысық д,Ивуардан" әрі аспай тұр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!