Жануарларды қорғау саласындағы қоғамдық бақылау тәртібі өзгерді

13:53, 4 қыркүйек 2026
MKZ: 1565197

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 28 тамыздағы бұйрығымен жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргізу және жеке тұлғаларға қоғамдық инспектор куәлігін беру қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатта жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылау ұғымы нақтыланды. Ол "Қоғамдық бақылау туралы" заңда көзделген тәртіп пен нысандарға сәйкес, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңда және аталған қағидаларда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Мұндай бақылауды қоғамдық инспекторлар, сондай-ақ жарғысында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргізу қызметі көзделген коммерциялық емес ұйымдар жүзеге асырады.

Қоғамдық инспекторлар уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарға жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заң талаптарын бұзудың алдын алу және анықтау жұмыстарына жәрдемдеседі. Сондай-ақ халықтың жануарларға ізгі және адамгершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға қатысады.

Қоғамдық бақылау мына нысандарда жүргізіледі:

  • жануарларды оңалту орталықтарында;
  • жануарларды аулау қызметтерінде;
  • контактылы хайуанаттар бақтарында;
  • жануарларға арналған панажайларда;
  • зоологиялық питомниктерде;
  • жануарларға арналған қонақүйлерде;
  • жануарларды уақытша ұстау пункттерінде;
  • жылжымалы хайуанаттар көрмелерінде;
  • цирктерде;
  • хайуанаттар бақтарында.

Қоғамдық бақылау жүргізу кезінде инспекторлар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдеріне жануарларды уақытша ұстау пункттерінің, панажайлардың және жануарлармен жұмыс істейтін өзге де ұйымдардың аумағы мен үй-жайларына кіруге рұқсат беріледі. Бұл ретте олар қауіпсіздік талаптары мен нысанның белгіленген жұмыс тәртібін сақтауға міндетті.

Қоғамдық бақылау нысанының аумағында барлық келушіге қойылатын талаптар қоғамдық инспекторлар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдеріне де қолданылады.

Бұйрық 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!