VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан бүгін 12 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды

22:07, 3 қыркүйек 2026
MKZ: 1565075

© Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Әлемнің 113 елінен 3000 спортшы қатысып жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тартысты ойындармен, жарқын жеңістермен, жаңа рекордтармен толығуда. Қазақстан құрамасы жарыстың үшінші күнінде 12 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аударыспақтан (эр эңиш) 100 келі салмақта ел намысын қорғаған әлем чемпионы, осы ойындардың екі дүркін жеңімпазы Ізбасаров Сырым байырғы қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, үшінші рет жеңіс тұғырына көтерілді.

Аударыспақтың алтын салмағы 90 келіде ел үмітін ақтаған Өткелбай Дарын қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлде иегері атанды. Ал аса ауыр салмақта жарыс жолына шыққан Еркінұлы Нұржан қола жүлдені қанағат тұтты.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Қырғызстан, үшінші күн, Қазақстан , сурет - Zakon.kz жаңалық 03.09.2026 22:07

Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Құсбегіліктен (куш салуу, далба, буркут) ел құрамасы сапында 9 спортшы келген болатын, соның төртеуі жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда:

  1. "қаршыға" бойынша Жалғасұлы Серікболсын "Жебе" деген құсымен алтын,
  2. "бүркіт" бойынша Қошқаров Арман "Алғыр" атты қыранымен күміс,
  3. "ителгі" бойынша Бабажан Бақдәулет "Ұшқыр" атты құсымен күміс,
  4. "ителгі" бойынша Кенжетаев Ерлан "Ақбалық" атты құсымен қола медаль алды.

Ойындар бағдарламасына көшпенді елдердің 14 түрлі күресі енсе, жарыстың үшінші күнінде отандастарымыз самбо мен қырғыз күресінен (кыргыз курөш) өнер көрсетті. Самбодан:

  • Сапар Болат (+98 келі) алтын,
  • Нығметов Еркебұлан (79 келі) мен Бейсенбаев Жандос (64 келі) қола жүлдеге ие болды.

Қырғыз күресінен ауыр салмақтағы балуанымыз Жұмағали Алмас (+100) ақтық сында қырғыз елінің спортшысына есе жіберді. Жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие болған арқан тартыстан (аркан тартыш) құрама мүшелері бүгін де алтын жүлде олжалады.

Кеше спортшыларымыз "8x8" бағдарламасы бойынша ақтық сында қырғыз елінен басым түсіп, алтын алса, бүгін "4x4" бағдарламасының ақтық сынында ирандық спортшыларды жеңді.

Сондай-ақ, қол күрестен (армрестлинг) ұлттық құрама мүшелері 7 алтын, 4 күміс, 1 қола алып, медальдар қоржынын толтырды.

Білек күшін алтынға айырбастаған спортшылар: Айдархан Нұрдәулет (-90, оң қол, сол қол), Құттымұратов Медет (+90, оң қол, сол қол), Устинов Данил (-80, сол қол), Сыдыкжан Малена (+65 келі, оң қол, сол қол) (оң қолдан бөлек, сол қолдан бөлек медаль жиынтығы бар).

Ертең, 4 қыркүйекте, спортшыларымыз 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады: көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамарбанди, хапсағай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, стронгмэн, тазы жарысы бойынша жарыстар өтеді.

Бұған дейін , VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында самбодан 98 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Сапар Болат қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлдеге ие болғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!